Қайтсем де Шығайбайдан дәм татам деген талайлардың тауы шағылыпты.
Ерте заманда, құйрығы келте заманда Шықбермес Шығайбай дейтін бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Көңілі жай болыпты. Сол Шықбермес Шығайбай үйіне ешкімді қондырмайды екен, қондырса, дәм татырмайды екен. Тіпті тастан да қатты сараң, өзі тойса да, көзі тоймайтын адам екен.
Үйіне кісі келсе, оның жауабы:
– Шық, әй! – дейді екен. Осыдан жұрт оны «Шығайбай» атап кеткен екен.Шықбермес Шығайбайдың атын естімеген ел болмайды екен. Оның «Шық, әйін» естімеген жан болмайды екен. Қайтсем де Шығайбайдан дәм татам деген талайлардың тауы шағылыпты.
Осы кезде Алдаркөсенің де аты шығыпты. Алдардың алдамайтыны, арбамайтыны жоқ деген атақ ел-елге жайылады. Ел аузындағы мәтелге айналады.
– Әй, Алдарың қанша қу болса да, Шықбермес Шығайбайды алдай алмас, – дейді жұрт. Осы сөз Алдарға жетеді. Шықбермес Шығайбайдың атын Алдар да естиді. «Шық-бермес Шығайбайды мырза бай етпесем, Алдар деген атым құрысын», – деп Алдар аттанады. Шықбермес Шығайбайдың елін іздеп, сапар шегеді. Күн-түн жүреді. Ақырында елден іргесін аулақ салған, ен далада жалғыз үй қонған Шығайбайдың үйіне келеді.
«Не істеп отыр екен бұл қу?» деп, атын алысқа тұсап, өзі білдірмей келіп, жабықтан сығалайды.
Сығаласа Шығайбай қазы тіліп, бәйбішесі нан илеп, тоқалы бас үйтіп, қызы тырнаның жүнін жұлып отыр екен.
«Осыдан татпасам, Алдар атым құрысын» деп жылмаң етіп: «Кеш жарық!» – деп кіріп барады.
Бұлар да жылдам екен, Алдар «кеш…» дегенді айтып болғанша, қолындағыларын жасыра-жасыра қойыпты. Шығайбай таспаны, бәйбіше ұршықты, қызы тігіліп жатқан көйлекті, тоқалы көсеуді қолдарына алып отырыса қалады. Түк білмегенсіп, қолдарындағы іспен болып отырғансып, жайбарақат бола қалады.
«Әй, әбден-ақ әккіленіп алған екенсіңдер, мызғымас қу екенсіңдер», – дейді Алдар ішінен. Амандасқансып, қол алысқансып, байға сүйкене барып, төр алдына отырып алады.
«Ай, көсе екенсің, жұртты қуратқан қу ма екенсің?! Жүрісің жылмаң екен, жырынды болған сұм ба екенсің?! Қу болсаң да, сұм болсаң да, менен дәм тата алмассың», – дейді бай ішінен.
– Қайдан жүрген адамсың? Қайда барасың? Не естіген-білгенің бар? – дейді бай Алдарға. Алдар көтеріле түсіп, күлімдеп, желдірте жөнеледі.
– Көрген-білгенім көп. Жолда келе жатып, үлкен сары жылан көрдім. Жуандығы тап өзіңнің астыңдағы қазыдай…
Артық-кем қып асырмай,
Шын айтқанда жасырмай:
Таспен ұрып жібердім,
Тоқал астындағы басындай,
Былш ете түсті иленіп,
Бәйбіше астындағы нанындай,
Өтірік болса, сақалым жұлынсын,
Қыз астындағы тырнадай –
Бәрін де осының көріп келдім,
Асыңды асшы ұрламай, – дейді.
Осыны айтқаннан кейін бай:
– Шоқ түссін тіліңе! – деп астындағы қазысын лақтырып тастайды.– Тілің кесілсін! – деп бәйбіше нанын лақтырады.
– Жағың қарыссын! – деп тоқал басты лақтырады.
– Ішің толсын! – деп қыз тырнаны лақтырады.
– Қазаныңды аса бер, бәйбіше, – дейді бай «амал қайсы» деген пішінмен.
Бәйбіше қазанға ас салады да:
– Піс, қазаным, бес ай! – дейді.
– Отырайын он ай! – дейді Алдар етігін шешіп.
– Кер тағының терісін келер жылы киермін, – деп, төрге орнығып отырады. Қазан түнімен қайнайды, бірақ түсірілмейді. Алдар да отырады. «Мына кәпір қашан жатады?» деп, үн жоқ қасарып бай да отырады.
Ақырында ұйқыдан шаршап шыдай алмай:
– Әй, кемпір, төсек сал, – дейді. Бәйбішесі төсек салады. Үй іші ұйықтаған кезде Алдар орнынан тұрып, қазандағы етті сүзіп алып, ет орнына тулақты турап, салып қояды. Бір уақытта бай тұрып, бәйбішесін оятады.
– Мына ит ұйықтады білем. Түсір асыңды тез. Уақытымен асымызды жегізбеді-ау, ит! – деп сыбыр етеді. Бәйбіше қараңғыда асты түсіреді.
Бай пышақты қолға алып жіберіп:
– Жат, жігітім, жат! Сазайың осы! – деп, аузына бір кесегін асап жіберсе, тісі өтпейді. Олай қидалайды, бұлай қидалайды – болмайды.
– Етің не болып кеткен, өңкей шандыр! – деп әйеліне ұрсады. Түйіліп қалып, май сұрайды. Ақыры бір бәле Алдардан келгенін біліп, амалсыз аштан-аш жатады.
Таңертең Шығайбай жолға шықпақ болып, бәйбішесіне: «Қонаққа көрсетпей, маған нан беріп жібер», – дейді. Әйелі жерошақта пісіп жатқан нанды оттан ала салып, байдың қойнына тыға қояды.Мұны көре салып, Алдар жүгіріп шығады.
– Е, байеке! Енді бұдан былай жолығамыз ба, жоқ па? Ақтық рет қазақ дәстүрімен достарша көрісіп айырылысайық, – деп, бара сала байды құшақтайды. Оттан жаңа шыққан нан байдың кеудесін күйдіріп кетеді.
– Ау, жарайды енді! – деген сайын қаттырақ қыса түседі.
– Ау, мына ит жегірді ит жесін, мә! – деп, қойнынан нанды лақтырып тастайды.
– О, байеке, ит жегенше, мен жейін, – деп, Алдакең барып, нанды қолына алады. Бай аш кетеді.