​«Дала рапсодиясы» – ұлттық өнердің креативті келбеті

0
96

Режиссер фестивальге арнайы қойылым дайындарда қазақтың өткені мен бүгінінен, көшпелі өмір салты мен дәстүрінен, руханиятынан хабар беретін ерекше бір туынды шығаруды көздеген


​«Дала рапсодиясы» – ұлттық өнердің креативті келбеті

Алатау дәстүрлі өнер театрын тек сахналық қойылымдар ұсынып қана қоймай, қазақтың дәстүрлі өнерін заманауи мәдениет аясында қайта сөйлетіп жүрген шығармашылық лаборатория десек артық болмайды. Себебі бұл театрдың жұмысы шын мәніндегі креативті индустрияның бір тармағы, себебі ұжым фольклор мен этнографиялық мұраны қазіргі көркемдік әдістермен ұштастырып, жаңа буын көрерменге заманауи форматта ұсынып келеді.

Күні кеше ғана «Алатау» дәстүрлі өнер театры қазақ өнерімен Еуропа халқын тәнті етті. Ұжым Франциядағы «Avignon off 2025» фестиваліне қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Театр труппасы алдағы уақытта Италияда өтетін театрлар фестиваліне қатысуға ұсыныс алды. Одан бөлек, Қытайдан келген продюсерлер әртістердің кәсіби деңгейіне оң баға беріп, бірге жұмыс істеуге шақырды.

Театр ұжымы «Steppes Rhapsody» (Дала рапсодиясы) қойылымын ұсынып, еуропа халқының қошеметіне бөленді. Сахнада әр шығарма, ән, би этно-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалды. Домбыра, жетіген, баян, қылқобыз, прима-қобыз, шертер, сондай-ақ ұрмалы және үрмелі аспаптар сияқты 20-дан аса ұлттық аспаптың үні көрерменді ерекше әсерге бөледі. Театр режиссері, жастар арасынан шыққан дарынды креатор Әділет Таменовтің айтуынша, дәстүр мен заманауи форманың түйіскен тұсында тың шешімдер туындайды.

«Біз өткенге табыну үшін емес, болашаққа бағытталған өнер тудыру үшін жұмыс істейміз. Францияға апара жатқан қойылым – осы ұстанымның жемісі», – дейді режиссер.

Биыл Францияда өткен бұл іс-шараға Қазақстаннан төрт театр қатысыпты. Олардың бірі, әрине, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, мемлекеттік Қуыршақ театры, сондай-ақ, «ARTиШОК» және «Жолда» театры.

«Жалпы, бұл Францияның Авиньон деген қаласында өтеді. Күніне әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге тарта театр 1700-ден астам қойылым сахналайды. Жалпы, фестиваль өткен үш апта ішінде 1,6 млн билет сатылған деген ақпарат бар. Ал одан түскен табыс 22 миллион еуро шамасында екен. Осыншалықты үлкен дәрежедегі фестивальге шақыру алғанымызға ұжым болып бек қуандық», - дейді Әділет Таменов.

Режиссер фестивальге арнайы қойылым дайындарда қазақтың өткені мен бүгінінен, көшпелі өмір салты мен дәстүрінен, руханиятынан хабар беретін ерекше бір туынды шығаруды көздеген. Сол себепті оның атауын «Дала рапсодиясы» деп атауды жөн көрген.

«Дала рапсодиясы – қазақ даласының рухани лирикасы, жыр мен сазға құрылған сахналық поэма. Қазақ халқы өте өнерлі халық. Музыкалық аспаптарымыздың өзі өте көп. Сол себепті театрландырылған көріністе осы бағытқа басымдық бердік. Менің ойымша өте сәтті шыққан сияқты. Көрермен ерекше қошемет көрсетті. Қазақтың тарихымен, аспаптарымен танысты. Сондай-ақ бес қаруының бірі – айбалтаны танып білді. Айбалта — батырлардың символы, әскери атақ пен ерліктің белгісі ретінде де танымал. Қазақ эпостарында батырлар найза мен қылыштан бөлек, айбалта ұстаған. Түркі-қыпшақ заманындағы жауынгерлердің қабірлерінен табылған айбалталар — бұл қарудың кең қолданылғанын дәлелдейді», - дейді режиссер.

«Алатау» театрының жұмысы – креативті индустрияның нақты көрінісі. Себебі бұл сала тек заманауи дизайн мен цифрлық технологиямен шектелмейді. Оған мәдени мұраны жаңғырту, көркем контент өндіру, сахналық шешімдерді эстетикалық тұрғыдан құра білу, сонымен қатар, ұлттық болмысты жаңаша ұсыну да кіреді. Театр директоры Мақсат Нұралиев пен режиссер Әділет Таменов бастаған шығармашылық топ дәл осы бағытта жұмыс істеп жүрген креаторлар десек артық емес. Олар үшін сахна – жай ғана көрініс алаңы емес, өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты жалғайтын көпір.
Театрда жас актерлер мен режиссерлер, сазгерлер мен хореографтар өсіп келеді. Бұл болашақта дәстүрлі өнердің заманауи сахнада өз орнын жоғалтпай, қайта жаңғырып отыруының кепілі. Олар ұлттық кодты білетін, соны әлемдік мәдениетке бейімдеп жеткізе алатын жаңа буын.

«Біз енді ғана қадамын тәй-тәй басып келе жатқан жас ұжымбыз. Келесі жылы он жылдық мерейтойымызды атап өтеміз. Бірақ, соған қарамастан алдымызға қойып отырған мақсаттарымыз өте биік, жоғары. Сол бағытта ұжым болып еңбек етіп жатырмыз. Бізде негізі талантты режиссерлар өте көп. Шетелде оқып, білімін жетілдіріп, қайта оралып, осы жерге еңбек сіңірем деп отырған жас мамандарға мүмкіндік берсе, онда театрдың да деңгейі өседі деп ойлаймын.

Өз ұстанымыма келер болсам, «аз-аздан, бірақ үздіксіз» деген тәсілді қолданамын. Жалпы, театр бір орында тұрып қалмай, жаңа деңгейге көтерілуі үшін ұжымның білімі жетілдіріліп отыруы тиіс деп есептеймін. Яғни би болсын, ән болсын, цирк болсын, жан-жақты ізденісте болуы керек. Сонда театрда тоқырау болмайды», - дейді Әділет Таменов.
Бүгінгі күні әлем сахналарында ұлттық ерекшелігі айқын, мазмұны терең өнер туындыларына сұраныс жоғары. «Алатау» дәстүрлі өнер театры – сол сұранысты отандық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да қанағаттандырып келе жатқан сирек шығармашылық орталықтардың бірі десек қателеспейміз.

А.Қасымбек.

Бөлісу