Ғажайып бақ – ертегі

0
9 625


Ғажайып бақ – ертегі

Баяғы заманда Асан мен Қасен деген екі дос болыпты. Екеуі де кедей адамдар екен. Асан ұлтарақтай жеріне егін егіп, Қасен өзінің азғана малын бағып, күндерін көріпті.


Бір жылы көктемде Асан егін салуға қамданып жатқанда, Қасен жұтқа ұшырайды. Қыс аяғы қатты болып, азғантай малы қырылып қалады.


Көзінің жасы көл болып, Қасен досына жылап келеді:


– Асан, сенімен қоштасайын деп келіп едім. Азғана малым қырылып қалды. Енді аштан өлместің қамын ойлап, қайыр сұрап, тентіреп кетемін де, – дейді.


Бұл сөзді естігенде, Асанның да көңілі босап, көзіне жас келіп, Қасен досын құшақтап тұрып:


– Екеуіміз жан деген жолдас едік қой, мал-жанымыз бір емес пе еді? Менің егіндік жерімнің жартысы сенікі болсын. Көңіліңді жұбат. Қолыңа кетпен алып, тырбаңдап тіршілік жаса, – дейді. Сол күннен бастап Қасен де егін салып, тіршілік етеді.


Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Арада біраз жылдар да өтеді. Бір күні Қасен өзінің жерін қазып жүріп, кетпеннің шыңылдап темірге тигенін байқап таңғалады. «Бұл не ғажап екен?» деп, сол жерді тереңдетіп қазып жіберсе, ішіне толтырып алтын салған бір қара қазан көрінеді. Қасеннің қуанышы қойнына сыймай, қазанның құлағынан сүйрей, досының үйіне қарай жүгіреді.


– Сүйінші, Асан! – деп айғайлайды ол жүгіріп келе жатып, – сүйінші, бақытты болдың, үлкен олжалы болдың, мен сенің жеріңнен ішіне алтын толтырылған қазан тауып алдым, енді кедейліктен құтылдың!


Асан оны қуана қарсы алып:


– Сенің адалдығыңды білемін ғой, Қасен! Бірақ ол алтын менікі емес, сенікі. Сен оны өз жеріңнен қазып алдың ғой, – деп жауап береді.


Оған Қасен болмай:


– Мен де сенің пейілің кең, мейірімді екеніңді білемін ғой, Асан, бірақ сен маған жеріңді бергеніңмен, жеріңнің астындағы қазынасын берген жоқсың ғой, – дейді. Бірақ Асан да көне қоймайды.


– Ардақты досым, жердің асты-үстіндегі қазынаның барлығы сол жерге маңдай терін төгіп, еңбек еткен адамдікі, – дейді.


Алтынды алғысы келмей, бұл екеуі ұзақ таласады. Ақыры Асан мынадай бір байлам айтады: «Таласты қояйықшы, Қасен, біздің балаларымыз бар ғой. Алтынды соларға берейік. Тым болмаса біздің балаларымыз кіріптарлық көрмесін» дейді…


Бірақ алтынды балалары да алмайды…


Жас жігіт алтынды дорбасына салып алып, жолға шығады. Ұзақ уақыт сапар шегіп, арып-ашып, күндердің күні болғанда хан ордасына келеді. Қаланың қақпасына кірісімен-ақ базарға барып, миуа ағашының тұқымын іздейді.Базарды аралап жүргенде арт жағынан керуеннің сылдырлаған қоңырауы мен біреудің айғайлаған ащы дауысын естиді. Жас жігіт артына жалт қараса, ұзыннан-ұзақ тізілген керуен келе жатыр екен. Түйенің қомына жүктің орнына ой мен қырда, су мен шөлде болатын құс атаулыны тірі күйі теңдеп алған. Оларды аяғынан матастырып байлапты. Құстардың қанаттары қайырылып сынып, жел ұшырған мамықтары ақша бұлттай қалқиды. Түйелер аяңдаған сайын, бейшара құстар тыпырлап, адамның сай-сүйегін сырқырата шырылдайды. Осыны көргенде жас жігіттің жаны удай ашып, шыдамы жетпейді.


Сығылысқан қалың жұрттың ішінен жарып өтіп, жігіт керуенбасына келіп, әдеппен тағзым етіп:


– О, тақсыр, мына бейшара құстарды осыншама қинаған кім? Мұны қайда апара жатырсыз? – деп сұрайды.


Керуенбасы:


– Біз хан сарайына бара жатырмыз. Бұл құстар – ханның соғымы. Осы құстар үшін бізге бес жүз ділдә береді, – деп жауап қайырады.


– Мен мың ділдә берсем, осы бейшара құстарды босатып жібересіз бе? – деп сұрайды жігіт.


Керуенбасы жігіттің жұпыны түрін көріп, оның сөзін елең етпей, жүре береді. Сол кезде жігіт иығындағы дорбасын алып, керуенбасына алтынын көрсетеді. Керуенбасы өз көзіне өзі сенбей, қайран қалады. «Құстарды босатып жіберіңдер!» деп әмір етеді.


Бұғаудан босаған құстар тобымен аспанға көтеріледі. Керуеннің әкеле жатқан құстары тым көп екен. Олар жапырлай ұшқанда Күннің көзін бүркеп, қанаттарынан ескен жел дауылға айналады.


Жігіт ұшып бара жатқан құстарға ұзақ қарап тұрып, құстар көрінбей кеткеннен кейін қаудырлап бос қалған дорбасын иығына салып алып, кейін қайтады. Қуанышы қойнына сыймай, аяғы жерге тимей, әндетіп келе жатады.Бірақ ауылына жақындаған сайын көңіліне уайым кіріп, істеген ісіне өкініп, қайғыра береді. «Басқа біреудің қазынасын ойыма келген нәрсеге жұмсағаным қалай болды? Кем-кетіктер үшін бақ егемін деген өзім емес пе едім? Ұстазыма, мені тұқым әкеледі деп күтіп отырған ақкөңіл адамдарға не деймін?» – деп ойлайды.


Жігіт осылай өзіне-өзі ыза болып келе жатады. Бара-бара қайғысы үдеп, әбден арып, құлап қалады да, жылайды. Ақыры қайғы-қасіреттен қажып, қалғып ұйықтап кетеді.


Ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде әлдеқайдан бір әп-әдемі бұлбұл ұшып келіп, көкірегіне қонып, тамылжыған әсем әнді әуенімен:


– Уа, кеңпейіл жас жігіт! Сен көп қайғырып, налыма! Еркін құстардың саған беретін алтыны жоқ. Бірақ сенің жақсылығыңды басқа жолмен қайтарамыз. Ұйқыңнан оянып, жан-жағыңа қарашы. Көзіңнің жасы тыйылмас па екен? – дейді.


Осыны айтып, бұлбұл пыр етіп ұшып кетеді. Жігіт көзін ашып, жан-жағына қарап, таң-тамашаға қалады. Кең далаға қаптап қоныпотырған құстарды көреді.


Құстар сирағымен шұқыр қазып, аузындағы дәндерді сол шұқырға салып, қанатымен топырақты сыпырып көміп жүр.


Жігіт қозғалып кеткенде, құстардың бәрі лап етіп, аспанға ұшады да кетеді. Тағы да құстар Күнді қалқалап, қаққан қанаттарынанескен жел дауылға айналады. Жігіт жанжағына қараса, құстар қазған әрбір шұқырдан жас шыбықтар көктеп шыға келіп, өсіп, бұтағы күлтеленген, жапырағы жайнаған үлкен ағашқа айналып жатқанын көреді.


Қас қаққанша болған жоқ, ағаштың бұтақтарына жайнаған гүлдер өсіп шыға келіп, жұпар иісі аңқып кетеді. Содан кейін гүлдер ұшып түседі де, оның орнына қып-қызыл нарттай алмалар өсіп шыға келеді…


Қаз-қатар тізілген ағаштардың арасынан пісіп тұрған жүзім, бал татыған өрік, жарқыраған көл, көгорай шалғын, бәйшешектер көрінеді.


Жапырағы жайқалған ағаштың саясында жолдың екі жағын таспен шегендеп тастаған арықтардың суы сылдыр қағады. Ал ағаш басында жігіттің түсінде көрген бұлбұлдары тамылжыта ән салып, пырылдап ұшып-қонып жүреді.Жігіт қайран қалып, өңім бе, түсім бе деп сенбей, жан-жағына қарай береді. Өңі мен түсінің қайсысы екенін айыру үшін қатты айғайлап жібергенде, өз дауысының жаңғырығын ғана естиді. Жайнаған бақ ғайып болмай, сол орнында тұр. Өңі екеніне көзі жеткеннен кейін, жігіт өкпесін қолына алып, қарияның үйіне қарай жүгіреді. Келісімен болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Әңгімені тыңдағаннан кейін ұстазы және оның үш шәкірті, Асан мен Қасен, олардың балалары бақты көрмек болады. Жігіт жол көрсетіп, оларды ертіп әкеледі.


Көп кешікпей-ақ: «Құлазыған жапанда ғажайып бақ орнапты» деген хабар бүкіл елге тарайды. Ең алдымен өздерінің жорға-жүйріктеріне мініп, баққа бай-манаптар келеді. Бірақ олар бақтың шетіне жетісімен-ақ алдарынан жеті құлып салынған темір қақпалы үлкен дуал пайда болады. Қақпадан өте алмайтынына көзі жеткен ақсүйектер ерлерінің үстіне шығып, дуалдың үстінен қолын созып, алмаларды жұлып алмақшы болады. Алмаға қолы тиісімен-ақ естерінен айырылып, жерге құлап түсіп жатады. Мұны көрген соң-ақ бай-мырзалар зәресі ұшып, аттарының басын бұрып, ауылдарына қарай қашады.


Олардың артын ала баққа жер-жерден кедейлер келе бастайды. Кем-кетіктер жақындасымен-ақ қақпаның құлпы босап, есік айқара ашылады… Олар ағаштан қанша жеміс алып жесе де, жеміс азаймайды. Күні бойы бақ ішінде құйқылжыған домбыра сазы, шырқата салған ән, той-думан саябырламайды…


«Қазақ ертегілері» кітабынан

Бөлісу