Әлем халқын өзіне шақырған орындар

0
4 616

Кез-келген адамдар өзге елге демалысқа барғанда өмір бойы естен кетпейтін қызықты орындар мен көрікті жерлерге баруға тырысады.


Әлем халқын өзіне шақырған орындар

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Таңғажайып табиғи көріністер мен көрнекті сәулет ескерткіштерінен басқа, саяхатшылардың негізгі бөлігі елдің мәдениетін көрсететін орындарға барады, мысалы, әлемдік өнердің ұлы жауһарлары сақталған атақты мұражайлар немесе сурет галереяларына.

Бүгін біз әлемнің ең атақты галереялары туралы айтып береміз.


1.Чехиядағы Әулие Йржи галереясы – бұл мұражай-галерея Чехиядағы Бенешов қаласы, Конопиштаның керемет қамалында, Прагадан оңтүстік-шығысқа қарай елу шақырым жерде орналасқан. Осы қуатты мұнаралары бар көне қамал-бекініс ғимараттары Әулие Йржи атындағы мұражайға берілген. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған төрт мыңнан астам қызықты жәдігерлер: XV-XIX ғасыр аралығындағы ұлы суретшілердің картиналары, таңғажайып мүсіндер, ағашпен өрнектеліп, әшекейленген заттар, өзге де сәндік-қолданбалы өнер туындылары сақталған.


2. Германиядағы Дрезден галереясы – Дрезден қаласындағы ескі ауданында орналасқан. Дрезден сурет галереясы бес ғасырдан бері жұмыс істеп, жыл сайын үздік суретшілердің Ұлы әлемдік жауһарларымен толығып келе жатыр. Бірақ, 1945 жыл – осы сурет галереясы үшін қайғылы болған, өйткені ағылшын-американ авиациясының бомбамен жарғылауы кезінде ол ішінара қираған және көптеген суреттер жойылып кеткен. Бүгінде мұнда арнайы қорда сақталатын, тамаша жәдігерлерге толы елу зал және әлемдік мәдени мұраның ғажайып бөлігі болып есептелетін үш мың сурет бар.

3. Германиядағы заманауи өнер галереясы – Дюссельдорф қаласында 1967 жылы салынған «Кунстахалле» көрме орталығында орналасқан. Арт-орталық ғимаратын бастапқыда дайын бетон блоктарынан салған, ал ол қайта құру нәтижесінде өзінің бүгінгі кескініне еніп, 2002 жылы жаңа кейіппен өз есігін қайта ашқан. Мұнда ақпараттық бөлімше, билет кассалары, мейрамханалары сияқты жаңа қызмет орталықтары да пайда болды. Ең қызығы – бұл галереяда тұрақты жәдігерлер жоқ, себебі мұнда қазіргі заманның жаңа талантты суретшілерінің көрмелері үнемі өтіп тұрады.


4. Ресейдегі XIX-ХХ ғасырлардағы Еуропа және Америка елдерінің өнер галереясы – бұл 2006 жылы Мәскеуде ашылған А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының бір бөлімі. Мұнда XIX-ХХ ғасырлар суретшілерінің суреттері сақталады. Галерея залдары тақырып бойынша бөлінеді. Мұнда неміс кескіндеме мектебінің шеберлерінің, он тоғызыншы ғасырдың басындағы, Делакруа мен Энграның суреттері орналасқан залдар бар. Сонымен қатар, француз импрессионистерінің, постимпрессионистерінің, жиырмасыншы ғасырдың басындағы суретшілер: Моне, Ренуар, Дега, Сезанн, Тулуз-Лотректердің көркем туындылары орналастырылған жеке залдар бар.

5. Канададағы «Кэритон» сурет галереясы – Колумбия аймағындағы Абботсфорд қаласында орналасқан. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы Британдық Колумбияның туындыларын, жергілікті суретшілердің қызықты жұмыстарын ұсынып келеді. Осы жылдар ішінде бұл галереяда үш мыңнан астам көрме өткен. Галереяда әрдайым адам көп болады, оның үстіне кіру тегін.

6. Арменияның Ұлттық галереясы – бұл атақты мұражай Ереван қаласында орналасқан. Ол толығымен бейнелеу өнеріне арналған. Бұл көркем галерея посткеңестік аумақтағы ең үлкен ғимарат, сондықтан ол елдің ұлттық игілігі болып саналады. Галерея 1921 жылы құрылған, бүгінгі күні мұнда әлемнің ұлы суретшілерінің отыз бес мыңнан астам суреттері сақталып тұр. Армян, орыс, француз, голланд, испан, итальян және неміс мектебінің туындылары өте көп. Сондай-ақ, галереяда Айвазовский шығармаларының толық жинағы, Рубенстің тамаша жауһарлары, Ван Дейк, Руссо, Гойи еңбектері бар.

7. Ұлыбританиядағы Далвичтің сурет галереясы – бұл әлемнің ең қызықты сурет галереяларының бірі және Лондонның тамаша көркем мұражайы, 1817 жылы арнайы салынған. Сәулетші Джон Соун ғимараттың залдарын тығыз байланысын көруге болатындай етіп орналастырған. Коллекцияның негізгі бөлігі – XVII-XIX ғасырлар кезеңінің картиналары, бірақ мұнда басқа дәуірлердің жәдігерлері де бар. Келушілер Рембрандт, Антуан Ватто, Бартоломе Эстебана Мурильо, Пауля Рубенс, Рафаэль туындыларымен таныса алады.

8. Чехиядағы «Иезуит» колледжі алдындағы галерея – қызықты, тарихи сәулет өнері Кутна-тауы қаласында орналасқан. Он сегізінші ғасырдың басында ашылған галерея ғимаратының жобасын италиялық сәулетші Орси әзірлеген. Құрылысы қызықты: он екі қасиетті мүсіндермен әшекейленген, оның ішінде: Әулие Жохан Непомук, Әулие Варвара, Әулие Иосиф, Әулие Франтишек Ксаверский, Ұлы Әулие Карл мүсіндері бар. Әрбір мүсіннің астында осы тұлғалардың ерекшелігі, мүсіннің жасалған күні көрсетілген жазулар бар. Яғни, бұл галерея қаланы безендіріп қана қоймай, туристерге Чехияның тарихын баяндайтын тарихи ескерткіш болып тұр.

9. Словенияның Люблянадағы ұлттық галереясы – елдегі ең ірі, көркем, әрі әлемнің қызықты галереяларының бірі. Мұнда словениялық және еуропалық суретшілердің көптеген көне туындылары, әртүрлі стильдер мен жанрлық бағыттарда жинақталған. 1918 жылы ашылған галерея әртүрлі бағыттарға арналған бірнеше залдарға бөлінген: неоклассицизм, реализм, импрессионизм. Сонымен қатар, Қайта өрлеу дәуірінің мүсіндері де сақталған.

10. Дублиндегі Ирландияның ұлттық галереясы – әлемдегі ең ірі ирланд кескіндеме коллекциясы орналасқан сурет галереясы. Галерея ғимараты 1864 жылы қаланған және ашылған кезде 125 қана сурет болды, бірақ бұл жердің танымалдығы өсіп, көптеген қарапайым адамдар мен суретшілер осы жерге сый түрінде картиналарын берген. Бүгінгі таңда галерея он төрт мыңнан астам картинаға ие. Мұнда графика, мүсіндер, ескі жиһаз, фотосуреттер және басқа да өнер туындылары бар және кіру тегін.

Осыны оқығаннан кейін Сіз жоғарыда аталған елдердің бірінде болсаңыз, сол елдің халқын, тарихын және мәдениетін таныта алатын тарихи галереяларды бағамдай аласыз деп үміттенеміз.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Әлемнің ең суық елдерінде болғыңыз келе ме?


Мына тауларды бұрын соңды көрмегенсіз