Әлемде белгілі бір тұлғалардың құрметіне аталған көптеген қалалар бар. Олардың кейбіреулері әлемнің ірі астаналары болса, екіншілері маңызды саяси-экономикалық және мәдени орталықтары.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бүгінгі мақаламыздан адам атымен аталатын әлем елдерінің астаналары туралы оқи аласыздар. Олардың қатарына кеше ғана Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне «Нұр-Сұлтан» есімін иеленген еліміздің астанасы да еніп отыр.
Вашингтон – АҚШ астанасы
Вашингтон қаласы 1800 жылы АҚШ астанасы болып жарияланады, ал іргетасы одан он жыл бұрын қаланған. Джордж Вашингтон ел тарихындағы тұңғыш Президент мәртебесін алғандықтан, қалаға есімі берілген.
Алғашқыда елдің саяси орталығы ретінде салынған қала сол кездегі штаттардың ешқайсысының құрамына кірмеген. Сондай-ақ, бастапқыда Мэриленд және Виргиния штатының аумағында болды, кейін қаланың аумағынан жеке автономды облыс құрылып, Тәуелсіз Колумбия округі пайда болды.
Париж – Франция астанасы
«Париж» сөзінің шығу тегіне байланысты бірнеше нұсқа бар, ал олардың ең танымалы -«римдік» нұсқа. Онда спартандық патша Менелаяның ұлы - Еленаны ұрлаған, троян соғысының батыры, Приана патшасының ұлы Паристің құрметіне қала атауы берілген деп айтылады.
«Сан-Марино» атымен аталатын мемлекет және астана
Сан-Марино елінің іргетасы IV ғасырда қалана бастаған. Аңыз бойынша, 301 жылы Адриатия теңізіндегі Раб аралына (қазіргі Хорватия аумағы) алғашқы христиан қауымдарының мүшесі Марин достарымен бірге барған және Монте-Титано тауының маңына қоныстанған. Ол осы жерді алғашқы болып ашады және онда адамдар қоныстана бастайды. Кейіннен сол жерде шағын монастырь пайда болады. Негізін қалаушы әулие Марина аты бойынша аталған бұл монастрь VI ғасырдың соңына дейін тәуелсіз болады да, 855 жылға дейін көршілес Урбино герцогтігінің құрамына кіреді. Қазір сол жылдан бастап қайта тәуелсіз мемлекет болып келе жатқан Сан-Марино планетаның ең ескі Республикасы деп айтылады. Айта кетейік, бұл елдің астанасы да Сан-Марино деп аталады.
Коломбо – Шри-Ланка астанасы
Араб, қытай, Рим көпестері Коломбо қаласының айлағына 2000 жыл бұрын келіп, VIII ғасырда бұл жердің теңіздегі барлық саудасын бақылаған. Ал, португалдықтар болса XVI ғасырда келіп, саяхатшы Христофор Колумбтың құрметіне қаланың атауы Коломбо болып өзгерген. Содан кейін, 1656 жылы қаланы голландиялықтар басып алады, ал 1802 жылы Коломбо Цейлон Британдық колониясының астанасы болды. 1948 жылдан — доминион Цейлон астанасы, 1972 жылдан — Шри-Ланка Республикасының астанасы болып келеді.
Жаңа Зеландия астанасы – Веллингтон
Веллингтон қаласының атауы атақты британдық қолбасшы, Ватерло жанындағы майданның жеңімпазы, Ұлыбритания премьер-Министрі Артур Уэлслидің құрметіне, қаланы мәңгі есте қалдыру мақсатында, сондай-ақ қаланың негізін қалаушыға алғыс ретінде «Веллингтон» деп аталған.
Валетта – Мальта астанасы
Валлетта – Мальта Республикасының астанасы, мемлекеттің экономикалық және саяси орталығы. Қаланың аты рыцарь, теңіз флоты қолбасшысы, иоанниттер орденінің иегері, 1565 жылы түріктерден аралды қорғап қалған жаңа Паризо де ла Валлетта есімді кісінің құрметіне аталған.
Чили астанасы – Сантьяго
Сантьяго қаласының атауы испандық қасиетті қамқоршы Яго – апостол Иакова құрметіне аталған (исп. Santiago, San Iago, San Tiago, San Diego). Қала ірілі-ұсақты 37 аймақтан құралған және 1818 жылдан бастап тәуелсіз Чилидің астанасы болып келе жатыр.
Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан
Нұр-Сұлтан (бұрынғы атаулары: Целиноград, Ақмола, Астана) — Қазақстан Республикасының елордасы. Қазіргі таңда қалада 1 миллионнан астам адам тұрады, ал қала аумағы 710 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде, Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.
Қазақстанның заманауи жаңа астанасын салу идеясы Мемлекеттің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Ал астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Сондай-ақ, Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтіп, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алған. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын елдің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді. Бұл қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылатын оқиға болғаны анық.
Дайындаған: Б.Ерман,
Тағы оқыңыз:
ШЫМКЕНТ: Демалыста балаларды қайда қыдыртуға болады?