"Бөтен аймаққа келін болсаң...": жас келін босаға аттағалы қандай қиындыққа тап болғанын айтты

0
247

"Оңтүстіктен осындай қара қыз табылмады ма?"


"Мен – солтүстіктің қызымын. Қазақ тілді мектепте оқып, қарапайым отбасынан шықтым. Үлкенге құрмет, кішіге ізет үйреніп өскеніммен, біз жақта келінге тым қатты талап қойылмайды. Ал оңтүстікте..." деп кідірді "ары қарай айтарға сөзім жоқ" дегенді ишарамен жеткізген келіншек.

Ол ERNUR.KZ оқырмандарына, бойжеткен қыздар мен олардың ата-аналарына өз өмірінен түйген кеңесін айтқысы келеді.


"Тағдыр мені оңтүстікке алып келді. Жақсы көрген адамың үшін бәріне дайынсың ғой, "бәрі реттелер" деп сенесің. Бірақ оңтүстіктің салт-дәстүрі, көзқарасы, келінге деген талаптары мені қатты қысып тастады.

Тіпті бірде жай ғана дастархан басында тамақты бірінші болып алып қойғаным үшін, "келін боп отырып, бұның не?" деген сөз естігенде, көзіме жас келді. Онда тұрған не бар екен?!

Мен ренжіп бөлмеме кетіп қалдым. Артымнан күйеуім келіп "Бұл – біз жақтың тәрбиесі. Жайлап үйренесің" деді. Бірақ мен сол тәртіптің ішінде өзімді жоғалта бастадым.
Көп нәрсені білмедім, үйренуге тырыстым. Бірақ көпшілік менің білмегенімді түсіністікпен емес, кінәлаумен қабылдады.

«Солтүстіктің қызы ғой, білгені шамалы», "Оңтүстіктен осындай қара қыз табылмады ма?" деген сөздерді де естідім. Кейде жай ғана "сәлем сал" мен "төрге шықпа" сияқты ұсақ нәрселердің өзі үлкен ренішке айналып кетеді. Қиын болды. Өзімді бөтен сезіндім. Кейде «қателестім бе?» деп те ойладым.

Бірақ кейін өзімді жинап, бұл ортаға бекер келмегенімді түсіндім. Мүмкін, Алла мені осы отбасыға, осы өңірге келін болу – тек шай құю емес, жан жылуын беру, мейірім көрсету, бірлікті сақтау екенін түсіндіру үшін жіберген шығар?!

Сонда да әркім өз өңіріне тұрмысқа шықса, күнделікті өмірі, бөтен отбасыға үйренісуі жеңіл болар еді деп ойлаймын. Өзіңді бөтен сезінбейсің. Ал бөтен аймаққа келін болып барсаң, екі есе еңбектену керек.

Онсыз да ата-анасын, бауырларын, өскен шаңырағын тастап, бөтен үйге келін өмірін қиындатпас үшін өз аймағына тұрмысқа шыққаны дұрыс дер едім.

Ал мен күресемін түсіндіруге, үйренуге, үйретуге, өзімді жоғалтпауға тырысамын."