«Вьетнамда ауа райы қандай?» деп сұрау – күлкілі әлде білместік болар еді. Себебі оған бір-ақ сөзбен жауап беру мүмкін емес.
Вьетнамдағы ауа райы Ханойдан Хошиминге дейін құбылып тұрады. Біз үшін қыс – суық, жаз – ыстық деген ұғымдардың сыңарындай. Ал вьетнамдықтардың түсінігінде жыл мезгілдері «жылы» не «суық» деген ұғымдармен жұптаспайды. Себебі олардың Отаны – аумалы-төкпелі ауа райының палитрасы. Вьетнамның әр өлкесінің климаты – өзгелеренінен тәуелсіз, өз алдына бір әлем.
Дәл қазір Ханойда ауаны жеңіл тұман басып тұр, жауын-шашын бүркіп, көшелерді дымқылдады, ал тұрғындары жеңіл күрте киіп серуендеп жүр делік. Дәл осы сәтте Фукуокта күн шақырайып, төбеңді тесіп жіберердей боп тұруы, ал сен ыстықтан қашып, пальманың көлеңкесін паналап отыруың мүмкін.
Сондықтан Вьетнамдағы жыл мезгілдерін, ауа райын бір ғана сипаттамаға сыйғызу мүмкін емес. Ондағы сапарыңыз сәтті, демалысыңыз жақсы өтуі үшін әр өңірдің мінезін танып-біліп, сол мінезі ашылатын, жылы шырай танытатын кезін таңдай білу маңызды. Дұрыс таңдай алмасаңыз, демалыс бойы жауын-шашыннан жапа шегіп, сырткиім жан серігіңіз болып, қолшатырмен қош айтыса алмай қалуыңыз ықтимал.
Вьетнамды шартты түрде төртке бөлуді ұсынамын: Солтүстік, Орталық, Оңтүстік және Фукуок аралы. Бұл жай ғана география емес, әрқайсысы өз ырғағы мен ауа райы бар төрт бөлек хикая. Осы ырғақты түсіну – Вьетнамды шынайы күйінде тану. Сонда демалыс жай ғана «демалыс» емес, қайта оралғың келетін қымбат естелікке айналады.
- Солтүстік: Ханой, Сапа және таулы салқын самал
Вьетнамның солтүстігі — көше кафелерімен танымал Ханой және суретші салғандай әсем күріш террасалары бар Сапа. Мұндағы климат жұмсақ еуропалық маусым ауысымына ұқсайды. Жаз (маусым–тамыз) ыстық әрі ылғалды. Киім денеге жабысып, ауа қою сезіледі. Мамырдан қыркүйекке дейін жаңбыр қысқа нөсер түрінде жауады: жарты сағат құйып, артынша қайтадан күн шығады.
Қашан бару керек?
Сапаға қыркүйек–қарашада (егін алқаптары жасылға малынып тұрады) немесе наурыз–мамырда (табиғат гүлдейді) барған жақсы.
Ханойға көктемде (наурыз–сәуір) немесе күзде (қазан–қараша) барған ыңғайлы. Жылы, құрғақ, ал көне кварталдарда серуендеп жүріп, көше асханаларынан шыққан фо иісін сезіну — нағыз ләззат.
- Орталық: Нячанг, Дананг және құбылмалы теңіз
Орталық Вьетнам — құрақ көрпе секілді: болашаққа ұмтылған қарбалас Дананг, уақыт тоқтап қалғандай Хойан және көкжиекке дейін созылған Нячанг жағажайларынан құралған. Наурыздан қыркүйекке дейін күн аяусыз жарқырап, ауа құрғақ болады. Жаз бітпейтіндей көрінеді. Ал қазаннан ақпанға дейін жаңбыр маусымы басталып, көшелер айнадай жылтырап, аспан жұмсақ сұр-көк түске енеді.
Құрғақ маусымда Нячанг — теңізді сүйетіндер үшін нағыз жұмақ. Су мөлдір әрі тынық, ал күн батар сәтте деміңді ішіңе тартып, бәрін ұмытып кетесің. Бірақ қазан айынан бастап бәрі өзгереді: орталық жағажайда толқындардың биік болатыны соншалықты, айналада «Суға түспеңдер!» деп сақтандырып жүретін құтқарушылар қаптайды.
Нячангта жаңбыр әдетте ұзаққа созылмайды: таңертең құйып, түске қарай ашылып кетуі мүмкін. Ал кейде аяқ астынан тайфун соға салады. Мұндайда теңізге аса жақындамай, тайфунның басылғанын жағалау маңындағы дәмханаларда күткен дұрыс.
Қашан бару керек?
Нячанг пен Дананг жағажайлары үшін — наурыз–қыркүйек.
Хойанға фонарлар мен көне көшелер үшін — ақпан–сәуір (жаңбыр аз, аптап әлі қажытпайды).
- Оңтүстік: Хошимин, Фантьет және мәңгі жаз
Оңтүстік Вьетнам — қарбалас Хошимин мен тып-тыныш құмтөбелерімен танымал Фантьет. Мұнда әрдайым жылы. Қараша–ақпан аралығындағы құрғақ маусым Хошимин базарларын аралауға немесе Фантьетте кайтсерфингке таптырмас уақыт. Толқындар адреналин сүйетіндерді тартады, ал тыныш шомылу үшін наурыз–сәуірде келген жөн. Осы айларда теңіз жылы лагунаға айналады.
Мамырдан қазанға дейін жаңбыр жауады. Қысқа, бірақ нөсерлі. Оңтүстік таңғалдыруды да, баурап алуды да біледі.
Қашан бару керек?
Қараша–ақпан — жайлы жылу мен белсенді демалыс үшін.
Наурыз–сәуір — мінсіз теңіз үшін.
- Фукуок: уақыт тоқтаған арал
Фукуок — ақ құмды жағажайлар мен жарнамадағыдай теңіз. Қараша–сәуір — «жоғары маусым»: жаңбыр сирек, теңіз тынық, ал күн батар сәтте кеткің келмей қалады.
Мамыр–қазан аралығында жаңбыр болады: Нячангқа қарағанда қысқалау, бірақ ылғалдылық жоғары, теңіз кейде толқиды.
Қашан бару керек?
Қараша–сәуір — жұмақ демалыс үшін.
Мамыр мен қазан — үнемдегіңіз келсе әрі ауа райының жеңіл мінезіне дайын болсаңыз.
Демалысыңызды келеңсіздіктен сақтайтын 6 кеңес
Вьетнам сізді құшақ жая қарсы алуы үшін, тәжірибеден өткен бірнеше кеңес:
- Іздеу жүйелеріне сене бермеңіз. Google мен Яндекс жиі жаңбырды бар жеріне де, жоқ жеріне де «сызады». Windy немесе Windguru сенімдірек.
- Тайфундарды бақылаңыз. Нячанг пен Данангта жаңбыр бірнеше күн тоқтамаса, Tropical Storm Risk немесе Windguru-ды тексеріңіз. Тайфундар көбіне қазан–желтоқсанда келеді.
- Windy немесе Windguru сайттарын тексеріңіз — олар іздеу жүйелеріндегі болжамдардан дәлірек.
- Толқындардан сақ болыңыз. Нячангтың орталық жағажайында қазан–ақпан аралығында қызыл жалаулар жиі ілінеді. Шомылу үшін тыныш бухталарды таңдаңыз.
- Күтпеген жағдайға дайын болыңыз. Жаңбыр маусымында нөсер кенеттен басталады. Жеңіл жаңбырлық алып жүріңіз. Құрғақ маусымда SPF 50 кремі мен су міндетті.
- Жергілікті өмір ырғағын сезініңіз. Вьетнамдықтар табиғатпен үндесіп, ауа райымен үйлесіп өмір сүреді, солардан үйреніңіз.Қыста Фантьетке кайтсерферлер жиналады, ал Нячангта маусымнан тыс кезде тыныш бухталарда дайвинг жасап көруге болады.
Аударған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


