БҰҒЫҒА ТИІСКЕН АДАМ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛЕДІ: ЖАНУАРЛАР ӨМІР СҮРЕТІН қалаларды білесіз бе?

0
2 758

Бұғыны өлтірген адамның өзі өлім жазасына кесілген.


БҰҒЫҒА ТИІСКЕН АДАМ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛЕДІ: ЖАНУАРЛАР ӨМІР СҮРЕТІН қалаларды білесіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір көптеген адамдар көшеде жүрген ит, мысық және құстардан сақтанады. Ал, кейбір маман иелері оларды аулаумен айналысады. Дегенмен, дүниежүзіндеге кейбір қалалардың тұрғындары айналасындағы хайуанаттар мен құстарға құрмет көрсете біледі. Тиісінше, олар өмір сүретін қалаларда құрметке бөленген жануарлар да мекен етіп келе жатыр. Бүгін осындай сипатқа ие болған бірнеше қала жайлы сөз қозғамақпыз.


ДЕЛИ – СИЫРЛАР МЕКЕНІ

Үндістандағы Дели инфрақұрылымы өте жақсы дамыған қала. Сонымен бірге, ол қаладағы сиырлардың көптігі соншалық, кейде көлік кептелісін туындатып, тіпті жаяу жүргіншілер жолын жауып тастайды. Бірақ, бұл қаланың тұрғындары оларға ешқашан қол көтермейді. Себебі, сиыр үндістандағы қасиетті жануарлардың бірі болып саналады, тіпті олар заң дәрежесінде қорғалған. Бұл жағдайды әлем жұртының барлығы біледі десек те қателеспейтін шығармыз.


ҚОЯНДАР АРАЛЫ

Жапонияға қарасты бір аралда қоян өсіруге деген ықылас ерекше. Әлемхалқына «Қояндар аралы» деген атаумен танылып келе жатқан бұл жер – Окуносима деп айтылады. Ол жер Хиросима маңында, Тахекара қаласына жақын орналасқан. Бір қызығы – бұл қалада жергілікті тұрғындар мүлдем жоқ. Дегенмен, кішігірім үйлер мен қонақүйлер, кемпинг, гольф алаңы мен бірнеше жаяу жүргіншілер жолы бар. Сондай-ақ, аралда қояндарға жайлы жағдай жасап жүретін арнайы мамандар да бар екен.

Қазіргі уақытта бұл аралда қоянның мыңға жуық түрі емін-еркін өмір сүріп келеді. Олардың көбеюіне тұрғындардың және қаскөйлердің жоқтығы оң ықпалын тигізетін көрінеді. Деректерге сүйенсек, бұл аралға жыл сайын топ-топ туристер қояндарды көру үшін арнайы ат басын бұрады. Ал, қояндар туристерден қорықпай, олар берген сыйлықтарды қысылмастан қабылдай береді екен. Сондықтан, бұл аралға баратын болсаңыз міндетті түрде қырыққабат, сәбіз немесе қояндар жейтін арнайы жем-шөп ала барыңыз. Және мұнда ит немесе мысық ертіп баруға қатаң тыйым салынғанын естен шығармаңыз.

Тағы бір айта кетерлігі – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл аралда химиялық қаруларға қажетті улы заттар өндірілген. Ол заводтың қауіпті болғаны соншалық, жергілікті билік заводтың орнын әлем картасынан жойып жіберген. Ал, соғыс аяқталып, хмиялық қаруларды қолдануға тыйым салынғасын, завод жабылып, жұмысшылар алыс өңірлерге көшірілген. Содан кейін бұл жерде химиялық қоспалардың салдарын тексеру үшін қояндар пайда болыпты. Тағы бір деректер бойынша, бұл қояндарды улы қоспалар мұражайына экскурсия жасап келген оқушылардың әкелгені айтылады.


Қазір ол заводтың орнындағы мұражай химиялық қарулардың өте ауыр зардаптарын көрсету мақсатында жұмыс істеп тұр. Аса құпия мұражайды көргісі келетіндер де көп екен. Мұнда келген туристер мұражайды көріп қана қоймай, гольф ойнап, таза суға шомылып, жақсы демалыс өткізе алады.



РОЛЛИНГ ХИЛС: ТАУЫС ОТАНЫ

Тауыс – әлемдегі ең сұлу құстардың бірі және оның сұлулығын адамдар тек зообақтан ғана көре алады. Дегенмен, америкалық бір қалаға барып, бұл құстарды көшеде жүрген жерлерінен көруге болады. Бұл қала – Лос-Аджелеске жақын маңдағы Палос Вердес аралында орналасқан Роллинг Хилс. Мұнда қазір мыңнан астам тауыс құсы өмір сүреді.

Бұл шын мәнінде кез келген туристің қызығушылығын тудыратын қала. Себебі, мұнда барған адам қала келбеті мен мұхитты тамашалай алады. Ең бастысы – үйлердің шатыры мен ағаш бұтақтарына қонақтап, көше кезіп жүре беретін тауыстар.

Тауыстардың бұл қалада мекендеп келе жатқанына жүз жылға жуық уақыт болған. Олардың мұнда қалай жеткені белгісіз. Бірақ, кейбір деректерде бұл құстар ХХ ғасырда аралды билеген байдың қызына сыйлық ретінде келгені айтылады. Сондықтан да олар өздерін қаланың байырғы тұрғыны әрі иесі ретінде сезінетін көрінеді.


Сондай-ақ, қала тұрғындары да бұл құстармен бірге өмір сүруге әбден бейімделген. Тіпті, қала билігі тауыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама бекіткен. Себебі, бұған дейін тауыстар кей адамдардың көлігін сырып, кей үйлердің шатырын бүлдіріп, түнде шулаған кезде зардап көрген екен. Тиісінше, билік бекіткен ережеге сәйкес, қазір оларға зиян тигізген адамдар қылмыскер саналып, 200 мың АҚШ доллары шамасында айыппұл төлейді.



БҰҒЫЛАР СЕРУЕНДЕЙТІН ҚАЛА

Жапония тұрғындары кез келген жануармен жақсы қарым-қатынас жасайды. Себебі, мұндағы қалаларда жануарлар адамдармен бірге өмір сүре береді. Мәселен, Киотоның оңтүстігінде көлемі шағын, бірақ өте қонақжай Нара деген қала бар. Бұл шаһар VIII ғасырда ел астанасы болған. Бір ерекшелігі – бұл қалада мың жылдан астам уақыт бойы бұғылар адамдармен бірге өмір сүріп келе жатыр. Олар адамдардың арасында өздерін еркін сезінетіні соншалық, кафелер мен ресторандарға кіріп, туристермен байланыс жасап, тамақтың орнына ақша да қабылдай береді екен. Бұл қалада бұғыларға арналған саябақ та бар. Бірақ, ол жануарлар қала ішін аралап, серуендегенді ұнататын көрінеді.

Сондықтан, Нара тұрғындары мен қонақтары бұғыларды қаланың барлық жерінен көре алады және бұғылар қалағанының бәрін істей алады. Тіпті, қала билігі бұғыларға ұнайтын тағаммен қамтамасыз етілген құрылғылар да орнатып қойған. Бір ерекшелігі – бұғылардың құдды адам сияқты Жапонияның салт-дәстүрі мен заңын сақтайтыны. Бұрын бұл қалада бұғы өлтірген адам өлім жазасына кесілген. Соңғы рет мұндай оқиға 1637 жылы орын алған екен. Сол сәттен бүгінгі уақытқа дейін мұндай қылмыс тіркелмепті.


Осы орайда «бұғыларға бұлай құрмет көрсетуге қандай себеп бар?» деген сұрақ туындайтыны рас. Аңыз желісі бойынша, Жапонияның тұңғыш императоры аспаннан ақ бұғы мініп, осы жерге түскен екен. Оған қоса, жергілікті тұрғындар арасында «бұл жануарлар қаланы барлық қиындықтан қорғайды» деген сенім бар.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Әлемнің МИСТИКАҒА ТОЛЫ, ЖҰМБАҚ жерлері

Саяхатқа шығатын адамдардың ЕҢ ЖИІ жасайтын 5 ҚАТЕЛІГІ