Мұндай жерлерде ӨМІР СҮРУ МҮМКІН емес сияқты

0
3 404

Көп адамның батылы жетпейтіні анық.


Мұндай жерлерде ӨМІР СҮРУ МҮМКІН емес сияқты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ежелгі заманнан бері мемлекеттер табиғи су қоймаларына жақын жерлерде өмір сүруді жөн көрген. Тиісінше, ауыл не қала салу үшін негізінен кең ойпаттар, сондай-ақ өзендер мен көлдердің жағалаулары таңдалған. Бірақ, жекелеген халықтар суға емес, құнды ресурстар немесе өздерінің қауіпсіздігіне басымдық берген. Сөйтіп, олар үйлерін климаттық жағдайы қолайсыз аудандарға және жауларына жету қиын болатын жерлерге тұрғызған. Олардың мекені джунгли, оқшауланған аралдар және планетадағы ең суық немесе ең ыстық жерлер болды. Ұрпақтары да әлемнің өмір сүруге ыңғайлы бөлігіне көшу мүмкіндігіне ие болса да, белгілі бір себептермен тұрғындар ата-бабалары сияқты өмір сүру үшін төтенше жағдайларға бейімделуді жалғастыра отырып, үйлерінен кете қоймаған. Бүгінгі әңгіме осы тақырып бойынша өрбіп, адамдар өмір сүретін ерекше орындармен танысатын боламыз.


Ява аралы, Индонезия

Мерапи жанартауы – Индонезиядағы 100-ден астам жанартаудың ішіндегі ең белсендісі. Жылына екі рет кішігірім және ондаған жыл сайын бір рет үлкен атқылау болады. Мәселен, 2010 жылы болған ауқымды атқылау 353 адамның өмірін қиған екен. Қазіргі уақытта осы жанартаудың етегінде шамамен 500 мың идонезиялық өмір сүріп жатыр.


Ла-Ринконада, Перу

Ла-Ринконада қаласы Анд тауларында теңіз деңгейінен 5100 метр биіктікте орналасқан. Бұл – планетадағы ең биік елдімекен. Адамдар алтын шығатын кен орындарының көп болуына байланысты осы экстремалды аймаққа қоныс аудара бастаған. Қалада кәріз және ағынды сулар жүйесі өте нашар. Соған қарамастан, Ла-Риконада халқы тұрақты түрде көбейіп келе жатыр. Мәселен, 2010 жылдары бұл қалада 30 мыңға жуық адам тұрған болса, қазір олардың саны 40 мыңға таяп қалыпты.


Мотуо, Қытай

Бұл жер өзге де адамдар әлемімен 200 метрлік аспалы көпір арқылы байланысады. Барлық басқа жолдар тау көшкіні және сел арқылы жойылып кеткен. Буддистер бұл жерді қасиетті жер деп санайды. Мотуо халқының саны 10 мыңнан асады.


Черапунджи, Үндістан

Черапунджи – жердегі ең жаңбырлы және ылғалды жерлердің бірі. Жауын-шашынның орташа мөлшері жылына 12 мың миллиметрді құрайды. Жауын-шашынның көп болуына байланысты жергілікті топырақтың құнарлылығы да төмен. Бұл қаладағы тұрғындардың да саны 10 мыңнан асады.



Сан-Педро-де-Атакама, Чили

Атакама шөлі – жер бетіндегі ең құрғақ шөл. Мұнда жылына орта есеппен бар болғаны 10 миллиметр жауын-шашын түседі. Өсімдіктер тұрғындар сияқты өте аз, тіпті кейбір жерлерде мүлдем жоқ. Жағдайдың ауырлығына қарамастан, шөлдің ортасында 5 мыңға жуық адам тұратын Сан-Педро-де-Атакама қаласы орналасқан.



Верхоянск, Ресей

Верхоянск әлемдегі ең суық қала. Орташа жылдық температура – минус 18,6 °C. Соңғы мәліметтер бойынша Верхоянскіде 1200-де астам ғана адам бар.


Илокорторомиут, Гренландия

Бұл қала планетадағы Солтүстіктің ең шеткі қаласы болып саналады. Оған ұшақпен, тікұшақпен немесе қайықпен ғана жетуге болады. Ұзақ уақыт бойы бұл жердің негізгі тұрғындары полярлық аюлар, мускус бұқалары және итбалықтар болған. 1925 жылы бұл жерлерде алғашқы қоныстанушылар пайда болды. Қазіргі уақытта қала халқы шамамен 500 адамды құрайды.


Тристан да Кунья, Ұлыбритания

Пасха Аралы мен Питкэрн аралдары сияқты, бұл жердегі ең шалғай елді мекендердің бірі болып саналады. Онда сүтқоректілер жоқ, тек солтүстік және солтүстік-батыс бөліктері адамның тұрақты өмір сүруіне жарамды. Бұл аралда қазір ары кетсек 300 адам өмір сүреді.


Питкэрн Аралы, Ұлыбритания

Тынық мұхитының оңтүстігінде орналасқан Питкэрн архипелагы – жалпы ауданы 47 шаршы шақырым болатын бес аралдан тұрады. Олардың бірі – Питкэрн аралында адамдар үнемі тұрады. Аралдың алғашқы қоныстанушылары «Баунти» кемесінің бүлікшілері мен таитиліктер болған. Соңғы халық санағы бойынша 4,7 шаршы шақырымдық аумақта 100-ге жетпейтін адам сүреді.



Даллол, Эфиопия

Ал, Даллол жер бетіндегі орташа жылдық температурасы ең жоғары елді мекен және планетадағы ең шалғай жерлердің бірі. Аймақта тіпті жолдар да жоқ. Мұнда тек керуен жолымен жетуге болады. Бұл аймақтағы тұрғындардың нақты саны белгісіз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


САҚИНА ЖАСЫРУ, БАРАБАН СОҒУ, ЗЕҢБІРЕК АТУ: Рамазан айындағы ҚЫЗЫҚТЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР


ХХ ғасырда әлем картасынан ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН ЕЛДЕР