​Оңтүстікте табиғат тастан қалаған қасиетті мекен бар

0
5 050

Ол жайлы аңыз-әфсаналар оңтүстік өлкеге ғана емес, тұтас Қазақстанға таралған. Содан да болар, еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер саны қысы-жазы азаймайды. Неге?


​Оңтүстікте табиғат тастан қалаған қасиетті мекен бар

фото: el.kz

Ақмешіт – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан үңгір. Ойық жарқабақ әктасты жыныстар қабатында пайда болған. Ұзындығы — 254, ені — 65, биіктігі — 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұратындықтан, ылғалдылығы жоғары. Соған қарамастан, мұнда ешқандай көгеру, сыздану белгілері байқалмайтындығы таң қалдырады.

Мекеннің ел аузына іліккен атауының шығу тарихы аңыздарда былайша баяндалады:

«Жаугершілік қиын-қыстау замандарда Есіркеп Қойгелді батыр қол жинап, қалмаққа қарсы соғысқа аттанып бара жатады. Жолай осы үңгір орналасқан тау тұсына келгенде, жаңбыр жауып кетіпті. Жауынгерлер жаңбыр астында қалғанына мойымағанымен, оларды таң намазын оқу мәселесі қинайды. Сонда жақын маңнан көрінген осы үңгір ішіне кіріп, қаз-қатар тұра қалып мұсылмандық парыздарын орындаған екен. Аңызға сенсек, үңгірге бір мезетте он мың сарбаз сыйған көрінеді.

Намаздарын оқып, үңгір ішіне жайласқан соң жан-жақтарына қарап олар «Мынау бір керемет жер екен» десіп таңдай қағады. Сонда жауынгерлердің бірі батырға үңгірді Есіркеп не Қойгелді деп атауға ұсыныс жасайды. Батыр болса онымен келісе кетпей, бұл тұрғыда өзінің басқаша ойлайтынын жеткізіпті. Оның ойынша, осынау табиғаттың бір кереметіне өз атын бергенмен, оған лайық болу-болмауы екіталай, бола алмаса, ең қиыны сол болыпты. Содан келіп басқаша атау ұсынады. «Өзі сан мыңдаған адамның басын бір мезетте сәждеге игізді, қарыз болудан да, жау қолынан да құтқарды, аппақ тастары да ғажап әсер сыйлады, сондықтан бұл үңгірді Ақмешіт деп атау лайық» дейді. Батырдың бұл ойын бәрі құптап, содан үңгір Ақмешіт аталып кеткен екен.»

фото: pbs.twimg.com

Содан бері арада уақыт өткен сайын Ақмешіт үңгірінің ерекше қасиетке, энергетикаға ие екеніне сенушілер қатары артпаса, кеміген жоқ. Арнайы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесі де осы арнаға тоғысады. Ақмешіт үңгірі келушілерді ауруынан айықтырып, тілегенін береді деу асылық болар. Алайда, ойы мен бойын жағымсыз энергетикадан арылта алатыны күмәнсіз. Ал, жағымсыздан арылып, тұла бойы тек жағымды энергетикаға тұнған жанның жолы ашылып, санасы сәулелене түсетіні, айналасына тек жақсылық тілеп, нәтижесінде өзі де жақсылыққа кенелетініне келіспеу қиын.

Мұнда келушілердің басым көпшілігі — перзент көрмеген ерлі-зайыптылар, ауру меңдеп, дертіне шипа іздегендер. Шын ниетпен келгендер үңгір ішінде жарты сағаттай болғанның өзінде айрықша энергетикасын толық сезінеді. Ол қисынды да. Себебі, мұнда намаз, құран аяттары көп оқылады. Алла Тағалаға шын ниетпен құлшылық жасалып, тілектер тіленеді. Сондықтан, аурасы таза, жағымды энергетикаға толы болмауы мүмкін емес.

Оған қоса, Ақмешіт үңгірінің табиғат көрінісі де көз тартарлықтай. Қай жағынан алғанда, экотуризмге сұранып тұр. Егер үңгір маңына келушілер тұрақтайтын, түнейтін орындар салынса, тамақтану орындары ашылып, мәзірінде емдік қасиеті мол ұлттық тағамдарымыз әзір тұрса, туристер саны қазіргіден әлдеқайда артары сөзсіз. Әрі күнделікті мыңдаған адам бойындағы жағымсыз ой мен теріс қуаттан арылар еді.

Дайындаған: Бауыржан Ерман,

ERNUR.KZ