Рамазан айындағы саяхат – Сізге КЕРЕК кеңестер

0
6 372

Рамазан айы айтулы әрі ұзақмерзімді мереке болғандықтан көрікті жерлерге саяхат жасау барысында туристер бірнеше кедергімен бетпе бет келеді.


Рамазан айындағы саяхат – Сізге КЕРЕК кеңестер

Биыл мұсылмандар үшін ең қасиетті мереке саналатын Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. 13 мамыр – Ораза айт күні болса, 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні. Негізінен БАӘ, Тунис, Марокко, Индонезия және Египет секілді елдерде қасиетті Рамазан айында жергілікті тұрғындардың өмірінде көптеген өзгерістер орын алады. Өз кезегінде бұл туристердің жаңа дүниелерді көруіне мүмкіндік туғызады. Егер Сіз осы уақытта мұсылмандар мекендейтін немесе басқа да елдерге саяхаттауды жоспарласаңыз, біз ұсынып отырған кеңестердің пайдалы болары сөзсіз.


1. Ораза негіздерімен танысыңыз

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза ұстау, хижреттің екінші жылында парыз болды. Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста болмауы дегенді білдіреді. Рамазан айы кей жылдары 29 күн, ал кейбір жылдары 30 күн болады. Рамазан айы 29 күн болған кезде де ораза толық болып есептеледі. Өйткені парыз болғаны сол айда толығымен ораза ұстау. Өйткені, пай-ғамбарымыз тоғыз мәрте Рамазан оразасын тұтқан. Бұл рамазандардың төртеуі 29, ал бесеуі 30 күн болған.

Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.

Алла былай дейді: “Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді.”

Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз: “Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі”, - дейді.


Ораза мінез-құлығымызды түзейді, ораза адамның мейірімін және жәрдемдесу сезімін күшейтеді, ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады, ораза адамды сабырлы болуға үйретеді. Оразада адамдар көптеген теріс қылықтан тыйылып, қайырымды, игі іс жасауға асығады.


2. Алдын ала жоспарлаңыз

Рамазан айы айтулы әрі ұзақмерзімді мереке болғандықтан көрікті жерлерге саяхат жасау барысында туристер бірнеше кедергімен бетпе бет келеді. Өйкені, көптеген мекемелер мен ұйымдар қысқартылған кесте бойынша жұмыс істеп, көбісі штатты уақытша қысқартады. Сондықтан Рамазан айында саяхаттауды жоспарлап отырған адамдар қонақүй мен билетке алдын ала тапсырыс беріп, қамданып қоюы қажет. Сондай-ақ, қалай және қайдан тамақтану керек екені туралы да ойластырып, кешкі асқа тапсырыс беріп қойған жөн. Себебі, көптеген халықаралық қонақүйлер әдетте таңғы және түскі аспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, шетелге барғанда асыңыз бен ішер сусыныңызды аса мұқият таңдаңыз. Ислам дінінде кейбір тағамдар мен алкогольді сусындарға тыйым салынғанын ұмытпаңыз.


. Күн режимін өзгертіңіз

Қасиетті Рамазан айында көптеген іс-шаралар түнгі уақытта өтеді. Кей дәстүрлер елге байланысты аздап өзгеруі мүмкін, бірақ барлық мұсылман елдерінде ифтар немесе ауызашар күн батқаннан кейін басталады. Түнде адамдар туыстарымен, достарымен сөйлесіп, діни сауатын арттырып, таңертең белгіленген уақытта сәресі ішіп, ауыз бекітеді. Мәселен, Рамазан айында Мароккода кешкісін көшелерде жарық жанып, әр-әр жерде ән шырқалып, тәтті тағамдар таратылады. Ал, түркиялық түрғындар ифтар сарайларына мерекелік кешкі асқа жиналады. Сонымен қатар, жергілікті билік саябақтар мен көшелерде азық-түлікті тегін таратуға немесе арзан бағамен сатуға субсидия қарастырады. Ал, араб елдерінде бұзақылар жиналатын, темекі шегетін жерлер сәнделіп, көрікті орындарға айналады. Сондай-ақ, мұсылмандар өзге діндегі адамдарды да ифтарға шақырып жатады. Ал, сол елдерге саяхаттап, осындай игі істерден қалыс қалмау үшін күн режимін өзгерткен дұрыс.


4. Жергілікті заңдар және әдет-ғұрыптарды танысыңыз

Саяхатқа шығар алдында өзіңіз баратын елдің заңдарымен танысыңыз. Қазіргі пандемияға байланысты әр елдегі туристерге қойылатын шектеулер әртүрлі болып отыр. Сонымен қатар, Рамазан айында шет елдердегі өзге діннің өкілдерімен бірге тамақтанбаған дұрыс. Олардың арасында мұсылман әдет-ғұрыптарын ұстанатындары да болуы мүмкін. Бірақ, олармен бірге тамақтанғаныңыз үшін жергілікті мұсылмандардың жазасына ұшырап қалуңыз да ғажап емес. Сол себепті, баратын елдегі жазылған және жазылмаған заңдармен жіті танысып алған абзал.


5. Рамазан ырғағына ілесіңіз

Рамазан ерекше қонақжайлылық пен мәрттік айы болып саналады. Сондықтан өзіңізге ұсынылған тағамдар мен мерекелерден, кештер мен отбасылық жиналыстардан бас тартпаңыз. Сонымен бірге, шамаңыз жетсе жергілікті тұрғындармен қатар қайырымдылық іс-шараларына атсалысыңыз. Сонда Сіз жергілікті өмір ырғағына оңай бейімделесіз әрі мол сауапқа кенелесіз. Одан бөлек, барған жердегі танымал әлеуметтік желілерді бақылап, қай жерде қандай іс-шара болатынынан хабардар болып отырыңыз.


Саяхатыңыз сәтті, оразаңыз қабыл болсын, ұстанған жан!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Өзге елдерде біздегідей ШЫНАЙЫ туристік орындар ЖОҚ – саяхатшы


Әлемдегі балаларға арналған ЕҢ ТАНЫМАЛ ойын-сауық саябақтары