Көп саяхатшылар келмегенімен, сіз осы елдерге барсаңыз, өкінбейтініңіз анық.
Сурет: br.pinterest.com
Туризмі дамыған елдердің экономикалық жағдайы да күрт көтеріледі. Өйткені соңғы жылдары саяхатты сүйетіндердің, өмір салтына енгізгендердің қатары артып келеді. Біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша солай.
Ал мына 11 елде туризм саласы, қызмет көрсетуі аса дами қоймаған. Сол себепті де саяхатсүйер қауымның назарынан тыс қалуда. Бірақ бұл елдерде бәрі жаман деген сөз емес. Табиғаты – тамаша, ауа райы – жайлы, адамдары – қонақжай. Бір сөзбен айтқанда, онда барсаңыз, өкінбейсіз. Ойыңыз бен бойыңыз тынығып, миыңыз бен жаныңыз тынышталып қалады.
Тувалу
Бұл мемлекетті кей адамдар тіпті естімеген де болуы мүмкін. Бірақ ол бар. Полинезияға жақын Тынық мұхитында орналасқан, бірнеше аралдан тұрады. Өте тыныш және шағын ел.
Тувалу аралындағы Фунафути әуежайы арқылы әр жылы елге 2000-нан астам ғана турист келіп-кетеді. Таза, тыныш жағажайда демалып, мұхиттың тынық та мөлдір суына шомылып қайтады.
Кирибати
Тағы бір Полинезия аймағына жақын мемлекет. Кирибатиге жақын жерде Фиджи орналасқан. Жыл сайын елге шамамен 6000 турист қана ұшып келеді.
Соломон аралдары
Соломон аралдарын 992 арал құрайды. Жаһандық өркениеттің аяғы әлі жете қоймаған, алыста орналасқан бұл жер Екінші дүниежүзілік соғыстың қалдықтарын өзіне жинаған. Соломон аралдарының суларында сүңгуір туристер үнемі батып кеткен қайықтар мен ұшақтарды табады.
Аралдардың джунгли ормандарында әлі де танктер кездеседі. Олар тат басып, ескіріп жатқанымен, Екінші дүниежүзілік соғыстың арқа шымырлатар атмосферасын әлі де сезіндіреді. Және осындай әсер экзотикалық табиғаттың көркемдігімен үйлесім тапқан.
Әр жыл сайын Соломон аралдарына шамамен 25 мың саяхатшы барады.
Сан-Томе және Принсипи
Бұл да – аралды мемлекет. Африкада орналасқан. Тропикалық джунглилері мен ақ құмды жағажайлары көрген жанды таңдай қақтырады. Тіпті фото-бейне жазбадан көргеннің өзінде керемет әсерді жеткізеді. Бірақ, соған қарамастан, Сан-Томені жыл сайын тек 29 мың саяхатшы ғана аралайды.
Туристердің аздығы елде дамыған инфрақұрылымның болмауымен түсіндіріледі.
Сьерра-Леоне
Батыс Африкадағы Сьерра-Леоне мемлекеті аурулар мен эпидемиялардан (Эбола) жиі зардап шегеді. Сонымен қатар ел ішінде ауық-ауық жанжалдар мен қақтығыстар болып тұрады. Бұл жағдайда жергілікті тұрғындардың туризмге көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ. Әрі онда баруға құлшынып тұрған шетел азаматтары да өте аз. Бұл – мүлде жоқ емес деген сөз. Нағыз әуесқой туристер әлемнің түкпір-түкпірін көру үшін қауіп-қатерге қарамастан тәуекелге бас тігеді. Сьерра-Леонеге жыл сайын шамамен 55 мыңдай жүрек жұтқан жиһанкез барады. Оларды тартатын магнит – қанық әрі таңғажайып африкалық колорит.
Түркменстан
Асылында Түркменстан соншалықты аты шықпай қалған ел емес. Туристік орындар да жетерлік. Дегенмен, онда барғысы келетіндер күрделі визалық мәселелермен бетпе-бет келеді. Оған қоса, бұл елде туристерге арналған көптеген тыйымдар бар. Мысалы, біршама көрнекі нысандарды суретке түсіруге болмайды. Жол қозғалысында да шектеулер жетерлік. Осы себептер елге келетін саяхатшылар қатарын сиретіп тұр. Әр жылы келетін туристер саны 10 мыңнан әзер асады.
Тонга
Полинезия мемлекеті. Көптеген адам қоныстанбаған аралдарында жыл сайын 63 мың саяхатшыны қабылдайды. Ондағы жағажайлардың жанды бейнесі дәп Пинтерестегі картинкадай әдемі. Ал жағалаудағы суы мөп-мөлдір және өте таза.
Ғаламшарымыздың осы бір шалғай бұрышына Аустралия мен Жаңа Зеландия арқылы ұшып баруға болады. Бұл елдегі демалыс «люкс» деңгейлі болмайды. Бірақ тұмса табиғат тамаша тынықтыратыны, жергілікті дәстүрлер қызықты болары сөзсіз.
Лихтенштейн
Швейцария мен Австрия арасында орналасқан кішкентай мемлекет тек 160 шаршы шақырымды қамтиды. Мұндай кішкентай мемлекет туристерге не ұсына алады дерсіз?
Лихтенштейнге саяхатшылар ескі қамалдарын аралау, таңғажайып табиғатын тамашалау, таулы жорықтар үшін келеді. Мамыражай тіршілікті мемлекет әр алуан демалыс түрлеріне қолайлы және жыл сайын 70 мың қонақ қабылдайды.
Доминика
Доминика – мемлекет-арал. Оны Доминиканамен шатастырмау керек. Атаулары қатты ұқсас. Екі ел де Кариб теңізі жағалауына жайғасқан. Доминика жанартаулық қап-қара құмымен және жағалауындағы биік тауларымен танымал.
Мұнда жыл сайын түрлі елдерден 72 мың қонақ келеді. Бұл тропикалық бұрышқа жету қиын. Жағажай демалысы жайлы, бірақ туристік инфрақұрылым жоқ дерлік. Бірақ онда тастармен өтетін қызықты трекинг мүмкіндіктері бар.
Шығыс Тимор
Бұл мемлекет 2002 жылы Индонезиядан бөлініп шықты. Бұрын Шығыс Тиморда түрлі себептермен жағдай өте ауыр болды. Бірақ қазір жаңа құрылған мемлекет жылына 74 мың туристі қабылдайды. Дайвинг, джунгли, жағажайлар, португал архитектурасы – осының барлығын шетелдіктерге ұсына алады.
Міне, саяхатшылардың басым көпшілігі бағасын аса білмейтін елдердің ондығы дайын.
Қызығы, әлемде туризм, турист деген ұғымның өзін қабылдамайтын елдер бар екен. Айталық, Тынық мұхитындағы Науру. Бұл шағын мемлекет экологиялық апат жағдайында. Фосфорит өндіру салдарынан қоршаған ортасы қатты ластанған. Науру аумағына сырттан кіріп-шығатындар саны жылына бар болғаны 160 адамды құрайды. Ал Сомали шекарасын жылына 400 шамасында ғана шетелдік кесіп өтеді. Бірақ, олардың бәрі турист деуге болмас. Бұл елдерде қарақшылар, бандалар және үкіметтік әскерлер үздіксіз қарсыласуда. Келіп-кетіп жатқан санаулы адамдар – саяхатшы болуы да, контрабандист болуы да мүмкін. Бұл туралы анық ақпаратты еш жерден таба алмаймыз.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: