Киіміңіз талапқа сай болмаса, ұшу сапары, одан кейінгі бірнеше сағат, бірер күн жайсыз болады.
Ұшақ – айшылық алыс жерлерге бірер сағатта-ақ табаныңды тигізетін керемет көліктердің бірі. Бір қарағанда жылдамдығымен қоса, жеңіл әрі оңай сапар болып көрінуі мүмкін. Алайда, басқа транспорттарға қарағанда бұл көліктің талаптары мен ережелері көбірек. Солардың бірқатары киімге қатысты.
Жолаушылар арасында ұшаққа отырудан жүрексінетіндер көп. Алайда, автомобиль апаттарымен салыстырғанда, әуе апатының әлдеқайда аз болатыны айқын дүние. Сондықтан, салыстырмалы түрде алғанда, әуе сапары – қауіпсіз жолдардың бірі. Дегенмен, ұшаққа отырарда киген кімініңізге мән берген артық болмайды. Ол жайлы немесе талапқа сай болмаса, біраз жайсыздық туғызуы мүмкін.
Капроннан шұлық не колготки кимеңіз
Бұл ереже көптеген әуе компанияларының ережелер көрсетілген кітапшасына енгізілген. Көрсетілмеген жағдайда да, өз қауіпсіздігіңіз үшін өзіңізге бортқа капронмен кіруге жол бермеңіз. Себебі, ұшақта өрт тұтанған жағдайда, капрон материалы ешқандай ұшқын тиместен, жоғары температураның өзінен-ақ балқи бастауы мүмкін. Бұл жағдайда теріңізді күйік шалу қаупі басым.
Синтетикалық талшықты серік етпеңіз
Тура капрон шұлық секілді, құрамында жасанды синтетикалық талшығы көп киім де тез тұтанады. Сондықтан синтетикалық матадан тігілген киім, сондай-ақ, шашағы бар киіммен ұшаққа отырмау керегін естен шығармаңыз.
Өкшелі аяқкиім
Күнделікті жүріс-тұрыста өкшелі, әсіресе, біз өкшелі аяқкиімнің қаншалықты ыңғайсыз екені белгілі. Ал ұшақта бұл ыңғайсыздық бірнеше есеге артады. Апатты жағдай бола қалса, мұндай аяқкиім қимыл-қозғалысыңызды шектейді. Құлау, жарақат алу, қауіптен қашып құтыла алмай қалу – осының бәріне ыңғайсыз аяқкиім себеп болуы әбден мүмкін. Тіпті, жай кездің өзінде ыңғайсыз аяқкиіммен ұшақ басқыштарымен көтеріліп-түсу – бірінші кезекте өзіңіз үшін, екінші кезекте ұшақ үшін қауіпті. Біз өкшеден үрлемелі басқышқа зақым келсе, зияны ұшақ комплектациясына да, басқа да көптеген жолаушыларға тиеді. Үшінші бір себеп – ұшу сапарынан соң дененің ісінуіне байланысты. Ісініп, бір-екі өлшемге үлкейген аяққа қатты материалдан жасалған өкшелі аяқкиімді кигенде «Дүниенің кеңдігінен не пайда» дейтін халге түсуіңіз әбден мүмкін.
Киіп-шешуге қиын киімдер
Спорттық киім үлгісінде болғанның өзінде киіп-шешілуі қиын, ыңғайсыз киімдер баршылық. Мәселен, спортық үлгілегі комбинезон, мойын ойығы тар худи, бір иығы түсіп тұратын кудеше, т.с.с. Мұндай киімдер ыңғайсыздық туғызып, ұшақтағы бірер сағаттың өзінде ығырыңызды шығарады.
Қысқа не тым ашық киім
Әдетте, әуе компаниялары тым ашық-шашық не қысқа киімге арнайы тыйым салмайды. Алайда, кей компаниялардың ережелері мен талаптарында осы тақырыпта сөз қозғалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ашық-шашық киім үшін бортқа жібермей қоюы әбден ықтимал. Жіберген күнде де, сапарластар арасынан сіздің киіміңіз үшін шағым айтатындар да табылып жатады. Сонымен қатар, ұшақта үнемі желдеткіш қосылып тұратындықтан, мұндай киімнен теріңізің ашық бөлігі қатты құрғайтынын, тоңуыңыз мүмкін екенін ескеріңіз. Айтпақшы, қауіпсіздік белдігінің үнемі таза болмайтыны, оларға әр сапардан соң дезинфекция жасалмайтыны ойыңызда болсын. Онда түрлі микробтар мен бактериялар болатыны анық. Денеңіздің ашық бөлігіне тисе, бактериялар мен микробтар үшін «жаңа қоныс» болып қалуыңыз әбден мүмкін.
Тар киім де кимеңіз
Денеге жабысып тұратын жейде-кеудешелер, тар балақты джинсы шалбар жай кездің өзінде қанайналымды нашарталатыны белгілі. Ал бірнеше сағаттық ұшу сапары кезінде бір орында тапжылмай отыратыныңыз, ауа қысымының жоғары-төмен болып құбылатындығы бұл жағдайды тіптен ушықтырып жібереді. Жерге қонам дегенше денеңіздің ісінуі мүмкін екенін де есепке алыңыз. Сондай-ақ, қатты қысып тұратын көкірекше (бюстгальтер) де жоғарыға көтерілгенде тыныс алуды қиындатуы ықтимал.
Бірер кеңес
- Ұшаққа отырарда киетін киіміңізді мұқият талғап, тек табиғи матадан тігілген, ауа өткізетінін таңдаңыз.
- Етең-жеңі кең, пішімі қарапайым, матасы жұмсақ, киіп-шешуге, отырып-тұруға ыңғайлы болсын.
- Ұшаққа жұқа киіммен отырсаңыз да, қолсөмкеңізге шұлық, жылы жемпір немесе жапқыш салуды ұмытпаңыз. Ұшақта үнемі желдеткіш қосылып тұратындықтан, денеңіз тоңазитыны анық.
- Аяқкиіміңіз ыңғайлы, спорттық үлгіде болса да, жаңа не өлшеміңізге шап-шақ болса, ұшақтар түсерде ісінген аяққа жайсыз болуы мүмкін. Сондықтан, ол біраз киіліп кеңейген не жұмсақ материалдан болғаны жөн.
Киіміңіз жайлы болмаса, ұшу сапары, одан кейінгі бірнеше сағат, тіпті бірер күннің өзі жайсыз болуына жол салады. Сондықтан, жоғарыда айтылған ережелер мен ескертпелерді есіңізде сақтаңыз.
Дайындаған: Б. Мейірханұлы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: