​ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ – ӘРҚАЙСЫМЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ

0
279


​ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ – ӘРҚАЙСЫМЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жария етті.

Заң мен тәртіпті, экономикалық өсім мен қоғамдық оптимизмді арқау еткен саяси құжатта қоғам бірлігі әрқашан алдыңғы орында тұратыны айрықша айтылды.
Президент: «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр.
Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі», деді.
Қалың қазақстандықтардың жағдайын жақсартуды көздеген Жолдауда әлеуметтің әлеуетін арттырудың басымдықтары көрсетіліп, орындалу мерзімдері межеленген. Басты бағыттар барынша ашылып, айқындалған.
Билік институттарына ауқымды міндет жүктеп, сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын жеткізді. Атап айтқанда, тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – маңызды мемлекеттік міндет екенін баса айтты.
Әділетті Қазақстанды құру және оны болашаққа аманат ету – баршаға артылған аса жауапты іс екені айтылған саяси құжатта қабылданған заңдардың орындалуы мен ортақ тәртіптке бас иіу арқылы қоғамда әр адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіні айтылды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жолдау – орындалуымен құнды. Енді ел Үкіметінен бастап, бүкіл билік тармақтары саяси құжатта айтылған тапсырмаларды тиянақты әрі сапалы іске асыруды қолға алуы қажет. Ал өз кезегінде азаматтық қоғам белсенділері тапсырмалардың дер кезінде нәтижелі іске асуына қоғамдық бақылау орнатқаны жөн.
Орынбай Рахманбердиев,
Шымкент қаласы ҚХА жанындағы
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Бөлісу