Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Шымкенттегі “Балымша” жекеменшік балабақша айналасында дау туды. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, балабақша әкімшілігі балаларға суретке түсу үшін банан таратып, фотоға түсіріп болған соң қайта жинап алған, деп жазады Stan.kz.
Желіде балабақша ішінле түсірілген видео тарады. Кадрдан тәрбиешінің балалардың қолына банан ұстатқанын көруге болады. Десе де желі қолданушыларының мәлімдеуінше, фото түсірілген соң жемістер балалардан қайта алынған.
Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын туғызып, желіде қызу пікірталасқа түсті.
“Осыдан кейін баламызды қалай балабақшаға береміз”, “Осы жерде жұмыс жасап жатқандарды бір жыл тегін жұмыс жасату керек. Солардың алатын айлығына банан алып отыру керек ай сайын”, “Кешке кетер уақытында бір-ақ бере салса нелері кетті. Балалар босқа жәутеңдеп қалды. Осындай видеоларды көріп жүрегім ауырып тынатын болды”, – деп жазды олар.
Кейін қалалық білім басқармасы аталған оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
“Тексеру барысында білім басқармасының қызметкерлері аталған видеоны анықтады. Оны қарау нәтижесінде оқиғаның 2026 жылдың ақпан айында орын алғаны белгілі болды. Қазір мекеме меңгерушісі мен қызметкерлерінен түсініктемелер алынды. Видеода көрсетілген бес қызметкердің үшеуінің жұмыстан кеткені анықталды”, – делінген хабарламада,
Оған қоса білім басқармасы тиісті органдарға хат жолданғанын мәлімдеді.
“Аталған фактілер бойынша Шымкент қаласының білім басқармасы тарапынан полиция департаментіне, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті хаттар жолданды. Құзырлы органдар тарапынан тиісті шешім қабылданатынын хабарлаймыз”, – делінген хабарламада.


