Шаһар басшысы миллионды қаланың тұрғындарын алдағы мерекемен құттықтады.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов салтанатты түрде мегаполистің жаңа жылдық бас шыршасының шамын жақты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Миллионды қаланың тұрғындарын алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы барша бүлдіршіндердің армандары орындалып, мақсаттарына жетулеріне тілектес екенін жеткізді.
"Жаңа жыл – кез келген халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерейлі мерекесі. Келер жыл сүйікті қаламыз үшін маңызды жыл. Ел болып, баршамыз жұмылып, ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын абыроймен атқаруымыз тиіс. Қайырымды қаламызға келетін әр турист ерекше әсер алуы тиіс. Бұл мерекені әсіресе кішкентай бүлдіршіндеріміз асыға күтеді. Бүгінде елімізде балалардың тиісті деңгейде білім алуына барынша жағдай жасалынып келеді. Сол білімімізді игі және қайырлы іске жұмсап, Қазақстанның дамуына үлес қосуымыз қажет. Ал, қайрымды болмай қайырлы істерді жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да біз шымкенттіктер "Қайырымды қала" атауына лайық болуымыз шарт", - деді Ерлан Қуанышұлы.