«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» жобасының жеңімпаздары марапатталды

0
114

Былтыр кітапханаларға барушылар саны 57 миллионға жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артқан.


«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«AMANAT» партиясында Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды.

Үш өңірде – Шымкент қаласында, Қарағанды және Қостанай облыстарында пилоттық жоба аясында 8 айда жалпы саны шамамен 2 млн кітап оқыған 190 мыңға жуық адам қамтылды. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және жоба жеңімпаздары қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Ерлан Қошанов «Кітап оқитын ұлт» жобасы Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу идеясын ілгерілету жөніндегі бастамасын жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында қолға алынғанын атап өтті. Партияның ауқымды зияткерлік-ағартушылық жобасы тұрғындар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа форматты – кітап оқу марафонын енгізді.
«Қазір 23 сәуірді – Ұлттық кітап күнін ел болып атап өтуді игі дәстүрге айналдырдық. Сонымен қатар, бүгін Президент халқымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, алдағы екі аптада оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты. Кітап оқитын ұлтқа айналу – мемлекеттің мәдени-рухани өркендеуінің төте жолы. Кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу – елдің интеллектуалдық капиталына салынған ең тиімді инвестиция. «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы осы мақсатты көздейді. Жобаның басты миссиясы – елімізді әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу», – деді партия Төрағасы.
Мәжіліс Спикері соңғы уақытта елімізде, әсіресе шалғай елді мекендерде көп кітапхана жөнделіп, жаңадан ашылғанын атап өтті. Олар үнемі жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Соның нәтижесінде былтыр кітапханаларға барушылар саны 57 миллионға жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артқан. Назар аударарлық жайт, еліміздегі әрбір үшінші оқырман – бала. Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылады. Жыл санап кітап сатып алушылар қатары да артуда. Онлайн кітап сатылымы 50%-ға өсті. Сонымен қатар қаламгерлердің шығармашылықпен айналысуына және кітаптарын басып шығаруға жағдай жасалуда.
Бөлісу