«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Шымкенттік тұрғындардың ұлттық жобадан күтері көп

0
734

Аталған жоба аясында шаруалар кезең-кезеңімен атқарылып келеді.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Шымкенттік тұрғындардың ұлттық жобадан күтері көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты жолдауында айтқандай, «қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек».

Жасыратыны жоқ, елімізде көп мәселелерді қағаз жүзінде қатырып-тындырып, ал іске келгенде ақсап тұрған жайттар аз емес.

Солардың ішінде өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселелер де жетерлік. Атап айтар болсақ, халықты сапалы ауызсумен қамту, тұрғын үй мәселесі, жолдардың сапасы сынды шешімін таппаған мәселелер өте көп.

Осы аталған мәселелер негізінде өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Яғни осы бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін нақты жоспарлар бекітіліп, кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде. 5 жылдық жоспар базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұрады.

Біраз уақыт бұрын ұлттық жобаның бірінші бағыты бойынша мақала жариялаған едік. Ал, бүгін аталған жобаның келесі бағыты - тұрғын үй коммуналдық жағдайын жақсарту әрі құрылысын дамыту негізінде Шымкент қаласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен болашақта іске асатын жоспарлармен танысқан болатынбыз. Ендеше, назарларыңызға Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы мен Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына хат жолдап, төмендегідей мәліметтерді алдық.


Ең алдымен, қала тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі ауыз сумен қамтудан бастайық. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен.

Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.

Аталған басқармалардың дерегінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2022 жылы 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде.


(фото: Құрсай елдімекенін ауыз сумен қамту құрылысы кезінде түсірілген)

Сондай-ақ, Сайрам елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Ал, Асар 2-нің жаңақұрылысының сумен қамтылуы келер жылға өтпелі. Алдағы жылдың жоспары бойынша 3 магистралды суаққы салынып, қолданысқа берледі.

Осы айтылған жұмыстар уақытында орындалар болса, 2023 жылы миллионды қаланың ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.



Мегаполис тұрғындары үшін келесі маңызды мәселе – кәріз жүйесімен қамту. Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен.

Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі.

Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.


(фото: кәріз жүйесімен қамту жұмыстары)


Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз.

Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.

«Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр», - деді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері.


Табиғи газбен қамту қаладағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Осы ретте биыл табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 93%-дан, 94,7%-ға дейін көтеріледі.

«2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады», - деді басқарма өкілдері.

Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы тұрғындар үшін қолайлы өмір сүрудің негізі болып саналады. Бұл мәселелер халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін болғандықтан, уақытында шешімін тапқаны дұрыс деп білеміз.


Ұлттық жобаның кезекті бағыты қаламыздағы өзекті мәселенің бірі тұрғын үй саласына арналған. Бүгінде тұрғын үй мәселесі шешімін таппаған маңызды проблемалар қатарына жатады. Өз кезегінде ұлттық жоба осы саладағы олқылықтарды жоюға негізделген.

Еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкентте де бұл тақырып күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте жауапты мамандардан атқарылған жұмыстардың жәй-жапсарын сұраған болатынбыз.


Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының дерегінше, өткен жылы 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жыл қорытындысы бойынша 812 жанұя арендалық пәтермен қамтылған. Оның ішінде жетім балалар – 60, көпбалалы отбасылар – 240, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 212, жұмыс істейтін жастар – 300. Қалған 164 пәтердің 121-і биыл қаңтар айында берілді. 43-і тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылып, осы айда кезекте тұрған азаматтар баспанамен қамтылатын болады.



Жалпы биыл 1605 үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі деп жоспарлануда. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 54, көпбалалы отбасыларға - 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына - 218, жұмыс істейтін жастарға – 857 пәтер беріледі.

Биыл қалада «Жайлы тұрғын үй» шеңберінде кезекте тіркелген 1,2 топ мүгедектерге, жетім балаларға, көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу мәселесі қарастырылуда. Атаулы көмек қағидатына сәйкес, жалға алынған үйдің 50% - мемлекет, қалған 50% - ын жалға алушы өз бетінше төлейді. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау 8841 азаматқа қаралуда.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 329 отбасы, несие негізінде тұрғын жаймен қамтылған. Оның ішінде 149 отбасыға жергілікті бюджет есебінен алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуғақайтарымсыз негіздегі тұрғын үй сертификаттары берілген. Ал, «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша 1 460 отбасы баспанамен қамтылып, 267 отбасы тұрғын үй сертификаттарына ие болды.

2021 жылы кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен бөлінген 370 миллион теңгеге 416 тұрғын үй сертификаттары өтеусіз көмек ретінде берілді. Ал, 2022 жылға тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаралған.

Қорытындылай келе, 2021 жылы кезекте тіркелген 456 көпбалалы отбасы және745 халықтың әлеуметтік әлсіз тобы тұрғын үймен қамтылған.

Ал, биыл кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «5-20-25» және «7-20-25» жеңілдетілген несиелік бағыттары арқылы 2096 азаматты тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласына 260 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге лимит бөлінуі күтілуде.

Ұлттық жоба аясында көтерілген кезекті мәселенің бірі - жұмыс істеп жүрген жастарды баспанамен қамту болатын. Бұл Шымқала жастары үшін бұл таптырмас мүмкіндік десек артық айтпаған болар едік. Өз кезегінде пәтер жалдау бағасын көп жастардың қалтасы көтере бермейді.


(фото: Тұран шағын ауданындағы ипотекалық үйлер)

Осы ретте биыл қаламызда жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз 857 пәтер жалға беріледі. Ал, өткен жылы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін 300 жас сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанмен қамтылған болатын.

«Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 48 623 азамат тіркелген. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1819, көпбалалы отбасылар – 9 186, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 16 957, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 634, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар – 27», - дейді жауапты мамандар.

Ұлттық жоба аясында апаттық тұрғын үйлерді бұзу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Осы тұста Шымкентте техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, қала аумағы бойынша 60-тан аса тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті.

Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған.


Елімізде қолға алынып жатқан кез-келген жоба тұрғындар игілігі үшін жасалады. Ұлттық жоба ұлттың сапалы өмір сүруінің кепілі. Жоба тілімен айтсақ, 2025 жылы халқымыз толықтай сапалы ауыз сумен қамтылып, сапалы жолдармен жүріп, баспаналы да болар күн алыс емес. «Көрінген таудың алыстығы жоқ», демекші ұлттық жобадан ұлттың күтері көп.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ