Шымкентте 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
ERNUR.KZ. Бұл ретте әрбір сайлаушыға ешқандай кедергі болмауы үшін қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Яғни денсаулық жағдайына қарамастан, әрбір азаматтың өз таңдауын еркін жасауына мүмкіндік болуы тиіс.
Осы бағыттағы дайындық барысы Қаратау ауданындағы «Ziyatker Turan» мектебінде орналасқан №337 сайлау учаскесінде көрсетілді. Мұнда 1743 сайлаушы тіркелген. Учаскелік комиссияны Гүлзия Қаракулова басқарады, құрамында тағы тоғыз комиссия мүшесі бар.
Учаскеде мүмкіндігі шектеулі және көру қабілеті төмен азаматтарға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Ғимараттың кіреберісіне көмек шақыру батырмасы орнатылып, пандус пен тактильді жолақтар жасалған. Дауыс беру бөлмесінде төрт кабина бар. Оның бірі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Арнайы кабинада компьютер, аудиоақпаратты тыңдауға арналған құлаққап және Брайль қарпімен жазылған трафареттер қарастырылған.
№337 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлзия Қаракулованың айтуынша, сайлау күні учаскеге өздігінен келе алмайтын азаматтар да дауыс беру құқығынан айырылмайды. Олар алдын ала өтініш беріп, үйінде дауыс бере алады.
Учаскенің мүмкіндігі іс жүзінде де тексерілді. Ұйымдастырушылар көру қабілеті бұзылған азаматты шақырып, оны инватакси арқылы сайлау учаскесіне жеткізді. Оның ғимарат аумағына кірген сәтінен бастап дауыс беруге арналған арнайы кабинаға дейінгі жолы толық тексерілді.
Тестілеуге Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны Аслан Асылбеков қатысты. Оның айтуынша, өзі бюллетеньді оқып, дауысын өздігінен бере алады. Дегенмен көру қабілетінен толық айырылған азаматтар үшін де барлық жағдай жасалуы маңызды.
«Мен көру қабілеті нашар азаматпын. Өзім бюллетеньді көріп, дауыс бере аламын. Бірақ бірінші топтағы мүгедектігі бар, көру қабілетінен толық айырылған азаматтардың да сайлау құқығы еш шектелмеуі керек. Олар қажетті ақпаратты тыңдап, өз таңдауын өздері жасай алатындай мүмкіндік болғаны маңызды», – деді Аслан Асылбеков.


