"Қымбат заттар сатып алғызды": Шымкеттік полицей басшысының үстінен шағымданды

0
716

Тәртіп сақшысына әлдекімдер хабарласып, шағымын кері қайтарып алуы үшін қомақты қаржы ұсынған көрінеді.


иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкенттік полицей Жергілікті полиция қызметінің басшысының үстінен арызданып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Видеоүндеуді журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-каналында жариялады. Онда шағымданушы азамат өзінің Шымкент қалалық Полиция департаментінде рота командирі болып жұмыс істейтінін айтқан.

Бұл жолы полиция полковнигінің үстінен шағым түсірген қызметкері Президент пен Ішкі істер министрінен араша сұрап отыр.

Оның айтуынша, бастығы өзінің қызметін асыра пайдаланып, ұзақ уақыт бойы қымбат заттар сатып алуға мәжбүрлеп келген.

«Мен бұған дейін ІІМ-ге Шымкент қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы М.Бұхарбаевтың үстінен рапорт жазған болатынмын. Ол өзінің қызметін асыра пайдаланып, маған қымбат заттар сатып алғызды. Дәлел заттарды мен тергеушілерге өткіздім. Алайда, осыншама дәлелдің бар екеніне қарамастан М.Бұхарбаев әлі күнге дейін өзінің жұмыс орнында отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Істі Шымкент қалалық ҰҚК-ге өткізген, бірақ арты сұйылып кетті. Неге Департамент басшысы Ералы Жұмағамбетов мұндай қызметкерді әліге дейін орнында ұстап отыр? Құрметті Президент, мен Қазақстандағы барлық полицейдің өзі ісіне және халыққа адал болғанын қалаймын. Маған көмек беруіңізді сұраймын», - делінген бейнежазбада. .

Тәртіп сақшысына әлдекімдер хабарласып, шағымын кері қайтарып алуы үшін қомақты қаржы ұсынған көрінеді. Сол үшін 10 млн теңге беретіндерін айтқан.