Жұмыс іздеген медицина білімі бар мамандар бас дәрігер немесе кадр бөліміне бармай-ақ арнайы бағдарлама арқылы жұмысқа тұруға өтініш білдіреді.
Шымкентте сәуір айынан бастап медицина қызметкерлерін жұмысқа қабылдайтын жаңа жүйе іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Медициналық білімі бар азаматтар енді мемлекеттік медициналық мекемелерге ақпараттық жүйе арқылы жұмысқа қабылданатын болады. Бұл үшін кадрларды іріктеудің автоматтандырылған «Нr-process» жүйесі іске қосылмақ. Бұған дейін бұл жүйе қаладағы білім саласына ендіріліп, бүгінгі күнге дейін 300-ден педагог жұмысқа орналасқан болатын.
Мамандарды жұмысқа іріктейтін ақпараттық жүйені іске асыру үшін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен «HR-process» компаниясы арасында келісімшарт орнатылды. Келісім негізінде 2021 жылдың сәуір айынан бастап жаңа жүйе іске қосылып, жұмыс іздеуші азаматтар ақпараттық портал арқылы жұмысқа қыбылданады. Кадрларды іріктеудің ашық және объективті жүйесі – денсаулық саласына үздік мамандарды тартудың кепілі болады.
Жаңа жүйе арқылы жұмыс іздеген медицина білімі бар мамандар бас дәрігер немесе кадр бөліміне бармай-ақ арнайы бағдарлама арқылы жұмысқа тұруға өтініш білдіреді. Яғни, «HR-process» ақпараттық порталында жұмыс іздеуші азамат өзі туралы толық ақпаратты енгізіп, ұпай жинайды. Жоғары ұпай жинаған азамат автоматты түрде қаладағы мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа қабылданады.
Айта кетейік, бұл жобаның мақсаты кандидаттар үшін денсаулық сақтау мекемелерінің өзекті бос орындарына қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, кадрларды іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлықты алдын алу болып табылады.
Бүгінде қаладағы мемлекеттік медицина мекемелерінде анестезиолог, реаниматолог, ревматолог, инфекционист және педиатр сынды мамандықтары бойынша 120-дан астам дәрігерлердің бос орны бар.