Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы, өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Өтегенов көшесінің 1-кезеңі Шымкент Сити шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 метр, ені - 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Нысанда алдымен автомобиль жолына жер негізін салу және тығыздау жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-ші қабатын төсеу
жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, шағал тас төсеу, ирригациялық жүйелер, тротуар орналастыру жұмыстары толығымен аяқталды.
2-кезеңде Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығы қамтылған. Жалпы ұзындығы - 1,2 шақырым, ені - 28 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.
Қазіргі таңда жол негізін салу, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары, жаяу жүргіншілер жолын салу және суағарлар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс барысын ширатып, нысанды мерзімге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, қала әкімі жауаптылармен бірге Ынтымақ шағынауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын нысанның 2-ші кезеңінің құрылыс барысын қадағалады. Жоба бойынша ені 30 метр, 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар орнату қарастырылған. Қазір сақиналы жолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 15 шілдеге жоспарлануда. Сонымен қатар, А-2 айналма жолында Алаш базары маңында жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 1 қыркүйекке жоспарланып отыр.
7-ші кезең Бозарық айналма жолынан Самара-Алматы тас жолына дейінгі аралықты қамтиды. Нысанның жалпы ұзындығы - 1,8 шақырым, ені - 40 метр. Нысанда қазір инженерлік желілердің орындары ауыстырылуда.
Нысанның 8-ші кезеңі Бәйдібек би даңғылынан Шымсити шағын ауданына дейінгі аралықты қамтиды. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым автомобиль жолының ені 40 метр, 6 жолақты. Құрылыс нысанында бригадалар инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жол негіздерін салу, суағар құбырларын тарту жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы, өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.