Оқушылар пышақтасқан: Шымкентте мектеп оқушысы пышақ жарақатын алды

0
2 098

Жарақаттаған жасөспірім 10-сынып оқушысы болған.


Оқушылар пышақтасқан: Шымкентте мектеп оқушысы пышақ жарақатын алды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жасөспірімдер арасында жанжал туындап, салдарынан бір бала пышақ жарақатын алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оқиға 9 қыркүйек күні сағат 13.30 шамасында орын алған. Кәмелетке толмағандардың тапа тал түстегі төбелесін сол маңдағы тұрғындар тәртіп сақшыларын шақыртып тоқтатқан.

Оқиға орнына келген Еңбекші аудандық полиция бөлімінің полицейлері қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы 65-ші мектеп-гимназиясы мен Ш.Айтматов атындағы 46-шы мектеп-лицейінің оқушылары қақтығысып қалғанын анықтаған. 46-шы мектептің 10-шы сынып оқушысы қолындағы пышақпен 65-ші мектеп-гимназиясның 11-ші сынып оқушысын сол иығынан жарақаттаған. Жедел жәрдем қызметі жарақат алған жасөспірімді Шымкенттегі қалалық нөмірі бірінші ауруханаға жеткізген. Қажетті ем домнан соң бала үйіне қайтарылған.

"Біздің мектептің екі оқушысы болған. Негізгі жанжалдың туындауына 46-шы мектеп-лицейінің екі оқушысының да қатысы жоқ. Басқа мектеп оқушыларының арасындағы жанжалға араласып кеткен ғой. Кеше түнгі 10-ға дейін полиция бөлімінде болдық. Бүгін таңертең сағат тоғыздан тергеліп жатыр. Оқиғаның мән-жайын тергеу орындары анықтайды ғой," - дейді 46-шы мектеп лицейінің директоры Жанна Абдуллақызы.

Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіның мәлімдеуінше, жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде оқ атылмағандығын, атыс фактісі расталмаған. Қазір аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ретінде екі жасөспірім қамауға алынған.

Күдіктілерден травматикалық тапанша, шолақ мылтық пен пышақ тәркіленіп алынған. Тағы бір 17 жастағы кәмелетке толмаған тұлғаның бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қатысы бар-жоқтығы анықталып жатқанын хабарлады Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Шымкенттік оқушылар тапа-тал түсте пышақтасып, арты атысқа ұласқандығы туралы ақпарат тараған болатын.