“Өнегелі ұрпақ”: Шымкентте қала әкімі тазалық шараларына қатысты

0
400

Қариялардың үйіне барып, ауласын тазарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.


“Өнегелі ұрпақ”: Шымкентте қала әкімі тазалық шараларына қатысты

ERNUR.KZ. Шымкентте республикалық акцияның “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында тазалық шаралары жүргізілді.

Акцияға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы қазыналы қарттарымызбен, қала тұрғындарымен және еріктілермен бірге тұрғын үй аумағын тазалады. Акция барысында шөп орып, айналаны қоқыстан тазартты және ағаш ақтады.

Сонымен қатар, экологиялық шара аясында қала жастары, мәслихат депутаттары мен белсенді азаматтар қарттар үйіне барып, ауласын абаттандырды. Ал, демеушілер қайырымдылық көмек көрсетті.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары С.Құранбек бастаған азаматтар 100-ге келген ҰОС ардагері Нина Мосунованың үйіне барып, ауласын тазалады. Белсенділер ағаш түбін қопсытып, қораларын сырлап берді.
Бұдан бөлек, барлық басқарма мен аудан әкімдігінің қызметкерлері, қала жастары мен еріктілер қарттарымыздың батасын алып, экологиялық шараға өз үлесін қосты.
Жалпы “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында қаладағы барлық көмекке мұқтаж қарттарды қамту қарастырылған. Қариялардың үйіне барып, ауласын тазарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.