Шымкент агломерациясы аумағына Шымкент қаласы және Түркістан облысының 6 ауданы кіреді.
Бүгін Шымкентке жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қ. А. Бозымбаевтың төрағалығымен өткен көшпелі кеңесте өңірлік даму мәселелері және қаланың агломерациясын дамытудың кешенді жоспар жобасы талқыланды.
Мегаполистің агломерациясын дамытудың 2025 -2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын, «Халық қатысатын бюджет» жобасының жүзеге асырылуын қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов баяндады.
Шымкент агломерациясы аумағына Шымкент қаласы және Түркістан облысының 6 ауданы кіреді. Аймақта халық саны 2 миллион адамды құрайды. Кешенді жоспардың мақсаты – Шымкент агломерациясын халықаралық логистикалық хаб, тұрақты және бәсекеге қабілетті өнеркәсіп және туризм орталығы ретінде дамыту болып табылады.
“Кешенді жоспарды іске асыру арқылы өнеркәсіп өнім көлемі 25 пайызға ұлғайып, 1 триллион 500 миллиард теңгеге артады, тартылған инвестициялар 3 есе артып, 2 триллион 330 миллиард теңгеге жетеді. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 18 пайызға артып, 280 мың адамды құрайды. Жыл сайын 50 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендейді. Нәтижесінде, қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі бүгінгі 4,6 триллион теңгеден 2029 жылға 8 триллион теңгеге дейін өседі. Шымкент агломерациясын дамытудың Кешенді жоспарын уақытылы әзірлеп, бекіту мақсатында салалық министрліктерге жобаны келісу жұмыстарын жеделдету бойынша тапсырма беруіңізді сұраймыз”, – деді Қ.Асылов.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында қаланың Бас жоспарына сәйкес Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Шығыс және Батыс айналма жолы, Момынов пен Тіленшин темір жол өткелдерінің құрылысы жоспарланған.
«Агломерацияларды дамыту туралы» заң 2023 жылы қабылданғанын ескере отырып, қала және облыс әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір ай мерзімде келісудің барлық рәсімдерін аяқтап, кешенді жоспар жобасын. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне жолдасын. Қаржы министрлігі Кешенді жоспар жобасын республикалық бюджет комиссиясының отырысында жеделдетіп шығаруды қамтамасыз етсін”, – деді Қ. А. Бозымбаев.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы қалада сәтті жүзеге асырылуда. Қала әкімінің орынбасары «Халық қатысатын бюджет» жобасының тиімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы Ережеге өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстарды жеткізді.
Кеңес барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шаралары талқыланды. Бүгінде қалада тозығы жеткен инженерлік жүйелерді жаңғырту бойынша монополист мекемелерге қойылатын талаптар күшейтілді. Ұлттық жоба аясында 429 шақырым электр энергиясы, 17 шақырым жылу, 454 шақырым су және 161 шақырым кәріз жүйелері жаңартылатын болады. Сонымен қатар, түркиялық «AKSA energy» компаниясымен құны 700 млн АҚШ доллары болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салу жобасын іске асыру жоспарлануда.
Бозымбаев Шымкент қаласы және Түркістан облысының әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп Ұлттық жобаның іс-шараларын уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуде тапсырмалар берді.