"Оны зорламақ болған": Шымкентте уақытша ұстау изоляторында 23 жастағы қыз көз жұмды

0
53

Адвокат Мухаммад Алиосман Оглы әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның қалай болғанын баяндады.


Фото: Instagram advokat.v.zakone
ERNUR.KZ. Шымкентте 23 жастағы Сания Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында көз жұмды. Ол жасөспірімді жаралады деген күдікке ілінген. Алайда оның адвокатының айтуынша, тергеу Санияның өз нұсқасын тыңдамаған. Ол өзіне тиіскенін және зорламақ болғанын айтқан. Енді полиция қыздың айтқан уәждерін оның қазасынан кейін тексеріп жатыр, деп жазады Stan.kz.

Адвокат Мухаммад Алиосман Оглы әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның қалай болғанын баяндады.

“Сол түні ол танысының шақыруымен ішімдік ішкен жастар отырған үйге барған. Үй ішінде жігіттердің бірі оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа көндірмек болып, тиісе бастаған. Сания қарсылық көрсетіп, босап шығып, далаға қашып кеткен. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған”, – деп жазды адвокат.

Оның айтуынша, кейін далада ер адамдар арасында жанжал туындаған. Сол сәтті Сания видеоға түсіріп тұрған.

“Видеода қатысушылардың бірінің қолында пышақ бары көрінеді. Сонымен қатар қазақ тілінде: “Бауыздамай кетпеймін” деген сөз естіледі. Полиция келген кезде үйден пышақ жарақатын алған жас жігіт табылған. Алайда тергеу Санияның жыныстық зорлық әрекеті туралы мәлімдемесіне құқықтық баға берудің орнына, оны кінәлі етіп көрсетуге және тергеу изоляторына қамауға тырысып отыр”, – деген еді адвокат екі күн бұрын.

Кейін ол 15 мамырға қараған түні қыздың қайтыс болғанын хабарлады.

Бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті де пікір білдірді. Тергеу мәліметінше, 2 мамырға қараған түні қыз көңіл көтеру орнынан шыққан соң танысының үйіне барған. Үйде оның кәмелетке толмаған інісі, қарындасы және достары болған.

“Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен мен жасөспірім арасында жанжал туындап, ол өзгелердің көзінше жасөспірімге пышақ сұғып алған”, – деп хабарлады полиция.

Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сол күні күдікті полиция бөліміне жеткізілген. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растаған. Денесінен ешқандай жарақат анықталмаған.

Полиция мәліметінше, 12 мамырда, яғни ұсталғаннан кейін он күн өткен соң, күдікті өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеген.

“Тексеру аясында сол түні үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Куәгерлердің сөзінше, бұл уәждер расталмады. Соған қарамастан, күдіктінің барлық мәлімдемесі сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Сот санкциясымен қыз екі айға қамауға алынған. 15 мамырға қараған түні ол камералас қыздарға өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен камералас әйелге тиесілі, жүрек ауруын емдеуге арналған дәрілерді көп мөлшерде ішіп қойған.

Сания шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Десе де ол бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды. Алдын ала себеп дәріден улану.

Аталған факті бойынша суицид дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар уақытша ұстау изоляторындағы ұстау тәртібінің бұзылуы мүмкін деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Істің тергелуі Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.