​РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА “КҮЗГІ КРОСС” ӨТТІ

0
237

Жарыс қаланың ең көрікті жерлерінің бірі – Орталық саябақта өтіп, қатысушыларға нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады.


​РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА “КҮЗГІ КРОСС” ӨТТІ

Қазақстанның басты мерекесі – Республика күніне орай Шымкент қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды спорттық іс-шара – «Күзгі кросс» атты жарыс ұйымдастырылды. Бұл бастаманы Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Жоғары медициналық колледж бірігіп өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тек спорттық бәсекені ұйымдастыру ғана емес, сонымен қатар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұжымдық бірлік пен отансүйгіштік рухты арттыру болды. Мұндай спорттық шаралар арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және оларды қоғамдық белсенділікке шақыру көзделді.

Жарыс қаланың ең көрікті жерлерінің бірі – Орталық саябақта өтіп, қатысушыларға нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Таңғы салқын ауа мен күздің алтын түсті ерекше көрінісі спортшылардың жігерін жанып, олардың бойына қуат бергендей әсер қалдырды.

Спорттық сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Ең алдымен, 100 метрге жүгіру жарысына 12 жас қатысып, әрқайсысы өздерінің шапшаңдық пен төзімділік қабілеттерін көрсетті. Бұдан кейін командалық рухты қажет ететін эстафеталық марафон өтті. Оған 4 адамнан құралған 12 команда қатысты. Әр команда мүшесі жеңіске жету жолында бір-бірін қолдап, бар күш-жігерін салды. Бұл спорттық шара тек бәсекелестік емес, нағыз достық, ынтымақ және жастардың белсенділігін көрсететін алаңға айналды.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман іс-шараның маңыздылығына тоқталып, былай деді:

«Спорт бізді біріктіреді, мақсатқа жұмылдырады. Біз жастарды біріктіру алаңын жан-жақты толықтыруға ниеттеспіз. Өйткені салауатты өмір салтын қалыптастыру – дені сау ұлттың және болашақтың кепілі. Бүгінгі марафон – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бойына белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруға бағытталған өте игі бастама. Мереке қарсаңындағы мұндай іс-шаралар патриоттық сезімді де күшейтеді,» – деді Ж. Жұман.

Жарыс соңындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Жастар ресурстық орталығы тарапынан арнайы дипломдар мен құнды сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар «Күзгі кросс» марафонынан керемет әсер алып, мұндай спорттық шаралардың жас ұрпаққа үлгі болып, салауатты өмір салтын одан әрі дәріптейтініне сенім білдірді.

Бөлісу