Шаһар басшысы қаладағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты

0
1 084

Шаһар басшысы тұрғын үй құрылысының сапасы басты назарда екендігін айтты.


Шаһар басшысы қаладағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты

Шымкент қаласының әкімі бірнеше тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының әкімшілік іскерлік орталығында 12 қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бас мердігер – «А.Р.Т-Құрылыс» ЖШС.

Бұл тұрғын үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің салымшыларына арналған. Қазір мұнда 8 үйдің құрылысы қызу жүруде. Әр қайссы 66 пәтерден тұрады.

Аталмыш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы 2018 жылы басталған. Шаһар басшысы бүгін құрылыс жұмыстарының барысымен және олардың қандай сапада жасалынып жатқандығын көрді.

«Шымкент қаласында бүгінде 77 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның 32-сі 2019-дан өтпелі. Олардың 24 - несиелік, 8 - арендалық тұрғын үй. Сондай-ақ, «Тұран» шағын ауданында 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Ал газ бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Бүгінде 31 үйдің жеңімпазы анықталды. Құрылыс жұмыстары басталды деп айтуға болады. Ағымдағы жылы 31 тұрғын үйді пайдалануға тапсырамыз.», - дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы.

Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, Нұр-сұлтан қаласына баспана бағасын 200 мың теңгеге көтеру туралы ұсыныс білдірген. Алайда, ұсыныс өз күшіне енбепті. Бүгінге дейін тұрғын үй құны 180 мың теңгені құрады.

«Нарықтағы тұрғын үй құны 1 шаршы метр - 240 мың теңгені құрайды. Сондықтан, қазір Шымкент қаласындағы тұрғын үй бағасын көтеруді сұрап жатырмыз.», - дейді Ербол Ахметов.

Тұрғын үй құрылысымен танысқан Мұрат Әйтенов әуелі сапаға аса мән беру қажет екендігін айтып, бұл мәселе қатаң қадағалауда екендігін жеткізді.

– Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Тұрғындардан сапаға қатысты шағым көп. Ең басты талап – осы. Біз тұрғын үй салушыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Сіздер тараптан сапалы жұмыс істелінуі керек. Әрине, құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді, – деді әкім.