​Шымкент әкімі халықты неге әйелмен салыстыратынын айтты

0
1 245

Әкіммен жеке кабинетте сөйлескісі келетіндерге де жағдай ұйымдастырылатын болды


​Шымкент әкімі халықты неге әйелмен салыстыратынын айтты

ERNUR.KZ. 1 желтоқсаннан бастап Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов азаматтарды айына бір рет емес, әр жұма сайын қабылдайды. Ал тұрғындар қала басшысының қабылдауына әкімдік сайтына кіріп, онлайн жазыла алады, деп жазады sputniknews.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов креативті бастамаларымен бөлісті. Соның бірі қала әкіміне онлайн жазылу.

"Әрбір әкім азаматтарды айына бір рет қабылдайтынын білесіздер. Ол үшін әкімдікке қоңырау шалу керек, онда сізден қандай мәселемен келетініңізді сұрайды. Мұның бәрі адамның жүйкесіне тиеді. Тіпті сол қабылдауға жазылғандардың көбісі әкіммен кездесе де алмайды. Өйткені айына бір-ақ рет қана. Сондықтан біз халықтың қажеттілігін ескеріп, 1 желтоқсаннан бастап жаңа жоба бастаймыз", - деді әкім.

Желтоқсаннан бастап кез келген азамат әкімдік сайтына кіріп, әкімнің қабылдауына онлайн жазыла алады.

"Ол үшін өзінің аты-жөнін, ЖСН-ін енгізу керек. Сөйтіп автоматты түрде кезекке тұрады. Мен азаматтарды әр апта сайын қабылдайтын болып шештім. Жұма күні сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін. Аптасына екі сағат", - деп мәлімдеді Әбдірахымов ОКҚ-де өткен брифингте.

Әр азаматқа 15 минут уақыт беріледі. Бұған қоса, әкім шымкенттіктерді қабылдайтын кабинеті туралы да айтып берді.

"Бұл мен үстел басында бастық болып отыратын кабинет емес. Керісінше, әр адам өзін жайлы сезінетін, емін-еркін әңгімелесе алатын кеңсе болады. Бізге кірген кез келген адам менің кіммен кездесіп, сөйлесіп отырғанымды көре алады. Алайда, егер біреулер менімен жеке кабинетте сөйлескісі келсе, ол жағын да ұйымдастыруға болады", - деді әкім.

Қала басшысы мұны өте креативті бастама деп атады.

"Мен халықты әрдайым әйелмен салыстырамын. Халық әйел сияқты. Әйел махаббатты, қамқорлықты жақсы көреді. Жылылық іздейді, өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Егер осының бәрін оған дер кезінде бермесең, ол бүлік шығарады. Халықпен де дәл осындай байланыс құру керек", - деп түйді сөзін Әбдірахымов.