ШЫМКЕНТ: аппараттық мәжілісте өзекті мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар берілді

0
83

Ғабит Әбдімәжитұлы қала аумағында бейнебақылау камераларының санын арттыру және халыққа пайдалы жаңа жобаларды тиімді жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.


ШЫМКЕНТ: аппараттық мәжілісте өзекті мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар берілді

Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

Күн тәртібінде электр жүйелерін жаңғырту, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және цифрландыру бағытындағы жұмыстар қаралды.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры А. Махамбет қала аумағындағы электр желілерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі таңда қаладағы электр жүйелерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, 2024 жылдың қорытындысы бойынша желілердің физикалық тозу деңгейі 57 пайызды құрады.
Қала әкімі жауапты тұлғаларға әлеуметтік маңызы бар нысандарда баламалы энергия көздерін енгізу және «Қызыл Су» қосалқы станциясының құрылысын бастауды жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Ибрагимов 2025 жылға арналған негізгі бағыттар мен даму жоспарларымен таныстырды. Қазіргі таңда қалада ұзындығы 45,7 шақырымды құрайтын 15 ірі жоба іске асырылып жатыр. Сонымен бірге, бір көпір мен алты көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 201 шақырым болатын 323 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі барлық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды және қала көшелерін толық жарықтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Цифрландыру басқармасының басшысы М.А. Кемелов атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндап, бірқатар қызметтерге цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы қала аумағында бейнебақылау камераларының санын арттыру және халыққа пайдалы жаңа жобаларды тиімді жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Бөлісу