ШЫМКЕНТ: Арда азаматтардың есімі ұлықталды

0
514

Іс-шара «Ауыл» ХДПП Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы мен білім ордасының бастамасымен ұйымдастырылған.


ШЫМКЕНТ: Арда азаматтардың есімі ұлықталды

Шымкент қаласы М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде қазақтың арда азаматтарының есімі ұлықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ел басқаруда өнегелі тірлігі мен өрелі ісі қалған Д.Қонаевтың 110 жылдығы мен А.Асқаровтың 100 жылдығына орай оқу ордасында арнайы бұрыш ашылды. Іс-шара «Ауыл» ХДПП Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалы мен білім ордасының бастамасымен ұйымдастырылған.

Мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған бұрыштың лентасын зиялы қауым өкілдері Ш. Мырзахметов пен еңбек ардагері Қ.Әріпбаев қиды.
Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров — сыйлас, замандас, елі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, тұлғаларымыз арамыздан алыстаса да, олардың ұлт үшін еткен еңбегі тарихқа алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз. Осындай ел ағаларының өмір жолын оқып, біліп өскен колледж студенттері қазақ елінің үлкен азаматтары болғай, - деді Ш.Мырзахметов.
Ал, еңбек ардагері Қ.Әріпбаев Асанбай Асқаровпен қызметтес болған жылдардағы естелігімен бөлісті.
Ұзақ жылдар бойы Асекеңмен қызметтес болып, Дінмұхамед Қонаевпен бірнеше мәрте жүздесудің сәті түскен болатын. Арда азаматтарымыздың ұлтжандылығы, ісіне адалдығы, өзіне емес, еліме болса деген азаматтығы, әрдайым үлкенді құрметтеп, кішіге ізет жасап, жол көрсеткені, бәрі-бәрі көзкөрген азаматтардың есінде. Халық қалаулыларының қалтқысыз еңбегін әрбір келер ұрпақ есінде мәңгі сақтап, дәріптеуі тиіс, - деді ол.
Салтанатты шара «Елі бар ердің есімі мәңгі өшпейді» атты тарихи-танымдық конференцияға ұласты. Жиынға Д.Шерімқұлов төрағалық етті.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Д.Қонаев пен А.Асқаровтың өмір жолын, еңбегін дәріптеп, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында өңірдегі көзкөрген, қызметтес болған зиялы қауым өкілдерінің басын қосып отырмыз. Қазақ елінің бүгіні үшін, елдігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың өмір жолы — барша жастарға өнеге. Конференцияға қатысып отырған зиялы қауым өкілдері тарихқа көз жүгіртіп, өздерінің естеліктерімен бөлісті. Конференцияда айтылған әрбір сөз жастардың жүрегіне жол тауып, мәңгілік жадында қалады деген сенімдемін, - дейді М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің директоры Мұсахан Өтегенов.