ШЫМКЕНТ: Азат шағын ауданы табиғи газбен қамтылады

0
630

Аталған шағын ауданда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталды.


ШЫМКЕНТ: Азат шағын ауданы табиғи газбен қамтылады

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданы тұрғындарының газ мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған шағын ауданда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталды. Нәтижесінде 519 абонент көгілдір отынмен қамтылмақ. Қазіргі уақытта "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Шымкент филиалы тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілуде.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге халық қалаулылары, “ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Шымкент филиалы директоры С.Исмайлов және халық қалаулылары, “Қоғамдық кеңес” төрағасы Б.Әлтеев пен жергілікті тұрғындар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері бүгінгі қуаныштың куәсі болды.

Сонымен қоса, Тассай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы жалғасуда. Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды. Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысы толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тассай елді мекені сапалы ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстарының нәтижесі бойынша Тассай, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас және Көкбұлақ, Батыс елдімекеніндегі 20 мыңға жуық адам көгілдір отынмен қамтылады.

Биыл қала бойынша 15 нысанда газбен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елдімекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылмақ.

Қала басшысы күн суытпай абоненттеу жұмысын аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, табиғи газбен қамту қаладағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Осы ретте биыл табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 93%-дан, 94,7%-ға дейін көтеріледі. 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады.