ШЫМКЕНТ: Бозарық шағынауданында жасөспірімдер спорт мектебі ашылды

0
1 171

Спорт мектебі 3 ауысымда жумыс істейді.


ШЫМКЕНТ: Бозарық шағынауданында жасөспірімдер спорт мектебі ашылды

Бүгін қала күніне орай, Бозарық шағынауданында №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі М.Әйтенов бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік беретін заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа ғимаратты аралап көрді.

Спортты серік еткен елдімекен жастары енді қала орталығына қатынамай, жақын аумақтағы жаңа үлгіде бой көтерген нысанда спортпен шұғылданады. Спорт мектебі 3 ауысымда жумыс істейді. Әр ауысымда 10-23 жас аралығындағы 100 спортшы жаттыға алады.
Сәулетті нысанның төменгі қабатында қажетті платформалармен жабдықталған ауыр атлетикаға арналған спорт залы мен әмбебап залдар қарастырылған. Ал жоғары қабатта жаттығу алаңдары, теннис үстелі, өрмелеу арқаны, дзюдо татамиі, бокс рингі және ауыр атлетикамен белсенді айналысуға қажетті қосымша жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар, ғимаратта асхана, медпункт, массаж кабинеттері де бар. Спорт кешенінде ауыр атлетикадан, бокстан, еркін күрес пен грек-римнен, дзюдодан, пауэрлифтингтен, қол күресінен топтар ашылатын болады.
Озық үлгіде бой көтерген бұл мектеп жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бүгін жаңадан Балалар саз мектебі ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөз сөйлеп, балалар шығармашылығына өркендеу, ал саз мектебінің ұжымына сәттілік тіледі.
Саз мектебінде балалар мектептен тыс қосымша білімдерін жетілдіріп, тұла бойындағы ерекше қабілеттерін шыңдай алады. Мәселен, мұнда оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар, үрмелі аспаптар класы бар. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореграфия, вокал, көркемсурет, хор орындау - бұлар қаламыздағы мектеп оқушыларын әр қырынан толықтай ашады.
Үш қабатты ғимараттың техникалық жабдықталу жағы жоғары сапада жасалған, мұндағы музыкалық аспаптар арнайы Германия зауытынан тапсырыспен алынған. Би өнеріне арналған кең, ауқымды залы 150 шаршы метрді құрайды.
Аталған саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебенінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланған.
Саз мектебінің ашылу сәтінде көпшілік осында оқитын балалардың қолөнер туындыларын тамашалап, ән-би тобының концертіне ризашылықпен қол соқты.