Нәресте өмірінің бесінші тәулігінде оның сарыуыз өзегінің толық жыланкөзін алып тастау бойынша күрделі операция жасалды.
фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Желтоқсан айының басында Шымкент қалалық перзентханасында дәрігерлер кәсіби шеберлігі мен жедел әрекетінің арқасында жаңа туған нәрестенің өмірі сақтап қалды.
Дүниеге келген ұл балада медицинада сирек кездесетін туа бітті ақау – сарыуыз өзегінің толық жабылмауы (толық жыланкөз) анықталған. Бұл патология кезінде ішек пен кіндік арасындағы өзек эмбрионалдық кезеңнен кейін өздігінен жабылмай қалады, бұл баланың өміріне тікелей қауіп төндіретіндіктен, шұғыл хирургиялық араласуды талап етеді.
Нәресте өмірінің небәрі бесінші тәулігінде білікті мамандар сарыуыз өзегінің толық жыланкөзін алып тастау бойынша күрделі ота жасады. Операция сәтті өтіп, сәби отадан кейінгі алғашқы күрделі кезеңде жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Бірнеше күндік қарқынды терапиядан кейін нәрестенің жағдайы тұрақталып, тыныс алуы өз қалпына келді. Қазіргі таңда сәби анасының қасына палатаға шығарылып, тәулік бойғы медициналық бақылау мен тиісті емдеу шараларын қабылдауды жалғастыруда.
Бұл жағдай Шымкент медицинасының, әсіресе неонаталдық хирургия саласының жоғары деңгейге көтерілгенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінде мегаполисте жаңа туған нәрестелерге қажетті күрделі оталар перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және балалар ауруханасы базасында тұрақты түрде жүргізіледі. Соңғы мәліметтер бойынша, Шымкент дәрігерлері 200-ге жуық сәбиге осындай күрделі хирургиялық көмек көрсетіп, кішкентай пациенттердің өмірін аман алып қалған.
Денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген заманауи технологиялар мен мамандардың үздіксіз біліктілігін арттыруының арқасында, бұрын өте қауіпті саналған туа бітті ақаулар бүгінде сәтті емделуде. Шымкенттік хирургтардың бұл жетістігі — қаланың медициналық әлеуеті мен ана мен бала саулығын сақтаудағы мемлекеттік саясаттың жемісті нәтижесі.


