ШЫМКЕНТ: Дүниежүзілік Тазалық күнінде Қошқар Ата өзенінің бойы тазаланды

0
215

Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.


ШЫМКЕНТ: Дүниежүзілік Тазалық күнінде Қошқар Ата өзенінің бойы тазаланды

Шымкент қаласында Дүниежүзілік Тазалық күні аясында қоршаған ортаны таза ұстау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында өтеді. Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.

Осы орайда Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара осы айтулы күнмен орайластырылып өткізілді. Атап айтқанда, бүгін қаланың Әл-Фараби ауданы аумағында Қошқар ата өзенінің бойында тазалық шарасы өтті.

Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты.
– Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын.

Шымкент қаласында сәуір айынан бері өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған шараға 230 мыңға жуық тұрғын, 2301 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 687 әлеуметтік мекеме қатысты.

Бөлісу