Кездесу барысында туындаған жәйттер мекенжай басында талқыланды.
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының əкімі Досбол Есілбек "Елтай" тұрғын алабын аралап, тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесу барысында туындаған жәйттер мекенжай басында талқыланып, әсіресе тұрғындар көтерген су мәселесінің шешу жолдары айтылды.
Атап айтсақ, алпыстан астам тұрғын үйлерге беріліп отырған судың қысымы өте аз. Оған жекеменшік есебінен тартылған құбырдың су жеткізу қуаттылығы төмендігі себеп болып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тұрғын үйлерге арналып жаңадан орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту "Су ресурстар-Маркетинг" ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында қарастырылуда.
Сондай-ақ, алабтағы орналасқан 4 тұрғын үйге көлік қатынайтын жол ашу қажеттігі де айтылды. Жер телімдері бұрынырақ Төлеби ауданы әкімдігі тарапынан берілген болатын. Жол түсуі тиіс жер телімі "Сарем" ӨК-нің теңгерімінде. Бұл мәселені де оңтайлы шешу үшін тиісті шаралар қабылданатын болды.
Сонымен бірге, тұрғындар осы елді-мекендегі "Ынтымақ" кафесі жанына бейнебақылау орнатуды сұрастырды. Аталған жерге бейне бақылау орнату бойынша құзырлы мекемелерге өтінімдер жолданғаны да атап өтілді.
«Елтай» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесудің қорытындысы бойынша айтылып, көрсетілген мәселелер аудан әкімінің тұрақты бақылауында болатын болды.
Сонымен қоса, Еңбекші ауданына қарасты «Маятас» тұрғын алабының тұрғындары «Бадам» каналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде мәселе көтерген болатын. Аталған мәселе бойынша Еңбекші ауданы әкімі Досбол Есілбек тұрғындардың мәселесін жіті тыңдады.
Бүгінде аталған мәселе бойынша «Бадам» каналынан өтетін Көзді ата көшесіндегі көпірге және канал жағалауына қауіпсіздік қоршаулары орнатылды.
Айта кетейік, ауданда ауыз сумен қамту үшін 8 нысанның, кәріз жүйесінде – 19, электрмен жабдықтауда – 16, газдандыруда - 18 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі – 99%, кәрізбен қамту – 60%, электрмен қамту – 99%, табиғи газбен қамту – 94,7% жететін болады.