Форум барысында өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және құқықтық тәуекелдердің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
ERNUR.KZ.тШымкентте инвестициялық жобаларды тиімді сүйемелдеу, инвесторлардың құқығын қорғау және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне арналған форум өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – инвесторлардың құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік кедергілерді азайту, сондай-ақ, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Форум барысында өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және құқықтық тәуекелдердің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар ашық диалог алаңында өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешудің тиімді жолдары жөнінде пікір алмасты.
Жиында атап өтілгендей, бүгінде Шымкент қаласы еліміздегі инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда қалада жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық іске қосылған кезде шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу бағытында прокуратура органдары тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл өз кезегінде жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Форум қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімдігі, прокуратура және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Құжат инвестициялық жобаларды тиімді сүйемелдеу, инвесторлардың құқығын қорғау, қолайлы бизнес ортаны қалыптастыру және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.


