Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовпен пен зиялы қауым өкілдері «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
ERNUR.KZ. Бүгін Шымкенттегі «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Қаралы жиында тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтарға құрмет көрсетіліп, бір минуттық үнсіздікпен басталды.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовпен пен зиялы қауым өкілдері «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Айта кетсек, XX ғасырдың бірінші жартысында елді жайлаған жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылықтан миллиондаған адам зардап шекті. Республика іс жүзінде алып түрмеге айналды. Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің ірі лагерлері — АЛЖИР, Карлаг, Степлаг орналасып, бұл өңірге 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір деректерде бұл көрсеткіш бұдан да жоғары екені айтылады.
1921 жылдан 1954 жылға дейінгі аралықта Қазақстанда шамамен 100 мың адам сотталып, соның 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Саяси қуғын-сүргіннің шарықтау шегі — 1937 жыл. Осы кезеңде қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері — ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қуғынға ұшырады. Олардың қатарында:
Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров және басқа да көптеген қайраткерлер бар.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан тарихи әділдікті қалпына келтіру жолында ауқымды жұмыс жүргізе бастады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс бүгін де жалғасып жатыр.
Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылып, архивтермен жұмыс жүргізілуде. Бұрын құпия болған құжаттар ашылып, ғылыми зерттеулер мен естелік шаралар ұйымдастырылуда.
Бұл — тарихи жадымызды сақтау, әділеттілікті қалпына келтіру және жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету жолындағы маңызды қадамдар.