ШЫМКЕНТ: қалада газдан уланудың алдын алу шаралары жүргізілуде

0
67

Мекеме тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратылған. Газ құрылғыларының ақауы анықталған 810 абонент уақытша ажыратылса, 371 абонентке газ жабдығы қалпына келтірілгеннен кейін қайта қосылған. Қазіргі уақытта 1 794 үйде жұмыстар жүргізілуде.


ШЫМКЕНТ: қалада газдан уланудың алдын алу шаралары жүргізілуде

2025 жылы Шымкент қаласында тіркелген газдан улану фактілерінің өсуін ескере отырып, қала әкімдігі мен прокуратура бірлесіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс алгоритмін құрып, қаладағы қауіпті аймақтарды анықтады. Бұл шаралар газдан улану оқиғаларының алдын алуға және тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бұл маңызды қауіпсіздік шаралары туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мекемесі қала бойынша анықталған тәуекелді аумақтарда жоспарлы және кешенді жұмыстарды бастады.

Қызыл аймаққа енген, яғни қауіптілігі жоғары деп танылған шағын аудандар:

  • «Самал 3», «Ақжайық», «Нұрсәт», «Күншығыс», «Қайтпас», «8 және Спорт шағын аудандары».

Тәуекел аймаққа енген аумақтар:

  • «Самал 1, 2», «11 шағын аудан», «Сайрам», «17 шағын аудан», «Көксай», «Қызылжар», «112 орам», «5 шағын аудан», «Қарасу» шағын аудандары.

Мекеме осы аймақтардағы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, газды дұрыс пайдалану ережелері көрсетілген жадынамалар таратты.

Жүргізілген тексерулер барысында қауіпсіздікке қатер төндіретін ақаулары бар газ құрылғылары анықталды. Газ құрылғыларының ақауы анықталған 810 абонент қауіпсіздік үшін уақытша газ жүйесінен ажыратылды. Оның ішінде 371 абонентке газ жабдығы қалпына келтірілгеннен кейін қайта қосылды. Қазіргі уақытта коммуналдық мекеме 1 794 үйде газ жабдықтарын тексеру және қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Тұтынушылардың газ пайдалану қауіпсіздігіне қатысты бұзушылықтары үшін 2025 жылы жалпы 84 адамға 1 209 090 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, қосымша 15 адамға 383 370 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Сәрсен Абайұлы Құранбек бұл шаралардың барлығы тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, газдан улану оқиғаларының алдын алуға бағытталғанын атап өтті. Қала тұрғындарынан газ құрылғыларын тексеру жұмыстарына түсіністікпен қарау және мамандарға кедергісіз мүмкіндік беру сұралады.

Бөлісу