Шымкент қаласының әкімі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдаудың негізгі бағыттары, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру тетіктері жан-жақты талқыланды.
Әкімдік тарапынан шағын және орта бизнес өкілдерінің қаржыландыру көздеріне қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие беру, несиеге кепілдік ұсыну және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралдарын тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын кеңейту, консультациялық қолдау көрсету және семинарлар ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бастамалар қаланың экономикалық дамуына серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтеді деп күтілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына қолданыстағы қолдау құралдары мен жаңа мүмкіндіктер туралы кәсіпкерлер арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.