Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті. Марапатталғандар қатарында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының шаруашылық бикесі Күлшат Дәуренбекова Қожаханқызы да бар.
Әлеуметтік салада 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ардагер маман Мемлекет басшысының қолынан III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды. Қазіргі таңда Күлшат Дәуренбекова Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде шаруашылық бикесі болып қызмет атқарады.
Ол 1965 жылдың 19 наурызында Түркістан облысы, Жетісай қаласында дүниеге келген. Білімі орта. Еңбек жолын 1985 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында тігінші ретінде бастаған. 2000–2010 жылдары Шымкент қаласындағы жеке кәсіпорында тігінші лауазымында қызмет атқарған. 2010–2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық №1 психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде еңбек нұсқаушысы болып жұмыс істеген. 2015 жылдан бері қазіргі қызметінде табанды еңбек етіп келеді.
К. Дәуренбекова атқарған қызметінде өзін білімді әрі білікті маман ретінде көрсете білді. Өмірде қарапайым, моральдық тұрғыдан ұстамды, қызметтік міндеттерін адал орындайды. Жұмыс барысында өзін ұжыммен тіл табыса алатын, жауапты, адамгершілігі жоғары қызметкер ретінде танытқан. Ұжымда үлкен құрметке ие, табандылығы мен бастамашылдығы арқылы ерекшеленеді. Еңбек және орындаушылық тәртіпті қатаң сақтайды, тапсырылған барлық жұмысты уақытылы және сапалы орындайды.


