Аудан аумағында табиғи газбен қамтылған елді мекен саны – 18.
Биыл Шымкент қаласы Қаратау ауданы аумағын табиғи газбен қамту көрсеткіші 90%-ға жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Мүлкеманов Рахымберді 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар төңірегінде берген баспасөз брифингінде айтты.
– Аудан аумағында табиғи газбен қамтылған елді мекен саны – 18. Жартылай қамтылғаны – 3, мүлде қамтылмаған – 3 елді мекен бар. Биыл аудан аумағын табиғи газбен қамту көрсеткішін 90 %-ға, 2023 жылы 96%-ға арттырып, 2025 жылы ауданда жалпы табиғи газбен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу межесі қойылып отыр, - деді спикер.
Аудан әкімінің айтуынша, ауданның сапалы ауыз сумен қамтылған елді мекені -17. Осы жылы 6 елді мекен (Тұран, Достық, Қайнарбұлақ, Тассай, Асар-2, Нұртас), ал келесі жылы «Бозарық» елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жартылай қамтылғаны – 3. Сонымен қатар, бес елді мекен кәріз жүйесімен толық қамтылса, 19 елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кәріз жүйесі бойынша жалпы 5 жобаның (Мирас, Асар-2, Тассай, Достық, Тұран) құрылысы жүргізілуде. Ал, 2023 жылы нақты 6 жобаның (Тұран, Тассай, Асар-2, Нұртас, Достық, Ақжайық) құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Бүгінде ауданда асфальтталып жатқан 26 нысан (19.8 км), толық асфальтталған 49 нысан (48.5км) бар. Жыл соңына дейін 14 нысан асфальттанады. Ал, 2025 жылға дейін ұзындығы 441,2 км құрайтын 466 көшенің жолдары асфальттанатын болады. Өткен жылы ауданда жарықтандыру көрсеткіші – 31 көшені құрады. Ағымдағы жылғы көрсеткішті 39-ға жеткізу жоспарда бар.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.