Қазіргі уақытта көшіру жұмыстары басталып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл қадам ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Шымкент қаласының Қаратау ауданы, 192-орам, 638 мекенжайында орналасқан «СТ-Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік нысаны тұрғындардан түскен көптеген шағымдарды ескере отырып, басқа аумаққа көшіріледі. Бұл шешім жер телімінің нысаналы мақсаты өндіріс қызметіне сәйкес болғанына қарамастан, қала басшылығының халықтың пікіріне мән беріп, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға басымдық беріп отырғанын көрсетеді.
Бұл маңызды әлеуметтік-экологиялық мәселенің шешілуі туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.
«СТ-Бетон» ЖШС зауытының маңындағы тұрғындар тарапынан өндірістік қызметке қатысты шу, шаң және басқа да қолайсыздықтарға байланысты шағымдар үнемі түсіп отырған. Осы жағдайды ескере отырып, Қаратау ауданы әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдар бірлесе отырып, нысанда кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде зауыт қызметінде тікелей заңбұзушылықтар анықталмағанымен, қала басшылығы тұрғындардың пікіріне ерекше мән берді. Өйткені қалалық аумақтардағы өндіріс орындарының тұрғын үйлерге жақын орналасуы әрдайым әлеуметтік шиеленіс тудырады.
Тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында, қала әкімдігі зауыт басшылығымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, зауыт басшылығы өндіріс нысанын ағымдағы жылдың соңына дейін өзге, арнайы бөлінген аумаққа көшіруге кепілхат берді.
Қазіргі уақытта «СТ-Бетон» ЖШС тарапынан көшіру жұмыстары басталып, тиісті ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл процесс өндірістің толық тоқтап қалмауын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бұл маңызды қадам Қаратау ауданының экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартуға және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей бағытталған. Қала әкімдігінің бұл шешімі өндірісті дамыту мен қала тұрғындарының қолайлы өмір сүру құқығы арасындағы теңгерімді сақтауға басымдық беріп отырғанын көрсетеді.


