ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданының 9 айлық есебі қабылданды

0
578

Қала басшысы ауданның қысқы кезеңге дайындығын, аулаларда қолайлы орта қалыптастыру, ойын алаңшаларын орнату тапсырмаларының орындалуын тексерді.


ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданының 9 айлық есебі қабылданды

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданы әкімдігінің биылғы жылы атқарған жұмыстарының есебі шеңберінде бірқатар нысандарға арнайы барып, берілген тапсырмалардың орындалу деңгейін қадағалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала басшысы ауданның қысқы кезеңге дайындығын, аулаларда қолайлы орта қалыптастыру, ойын алаңшаларын орнату тапсырмаларының орындалуын тексерді.
Жиынында аудан әкімі А.Аликуловтың есепті баяндамасын талқылады. Ауданда индикаторлық көрсеткіштер толығымен орындалған. Салық түсімі 114 пайызға немесе 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалып, 10,9 млрд. теңгеге жеткен.

Ауыз су жүйелері бойынша Көмешбұлақ магистралдық желісі жыл соңына дейін іске қосылады. Ішкі орамдық жүйелер бойынша 6 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 91,8 пайызға жетті.Электр қуатының сапасын арттыруда 5 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Қайнарбұлақ елді мекеніндегі жұмыстар 2022 жылға өтпелі. Қамтылу көрсеткіші биыл 93 пайызға жеткізілмек.

Табиғи газ тарту бойынша 4 нысанда – құрылыс, 1 нысанда – жобалау жұмыстары жоспарланып, биыл аяқталады. Жыл қорытындысымен газбен қамту көрсеткіші 85 пайызға жетеді. Кәріз жүйесі бойынша 3 елді мекенде құрылыс жұмыстары басталған. Аяқталуы келесі жылға жоспарланған.
Жол құрылысы саласында 38 көше орташа жөндеуден өткізілді. 37 көше күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы ұзындығы 62 шақырым болатын 6 елді мекеннің ішкі көшелеріне тас төселді. 19 көшеге жарықтандыру жүйелері орнатылуда. Көпшілік жүретін орындарға 150 орындық, 400 қоқыс жәшіктерін орнатылмақ.
15 көпқабатты тұрғын үйге ортақ 7 аулада және Өтеміс тұрғын алабында абаттандыру жұмыстары атқарылып, тұрғындар игілігне берілді. Оның ішінде 4 аула мен 1 елді мекендегі абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде жүзеге асқан. 39 тұрғын үйге тиесілі 21 аулада абаттандыру жұмыстары осы айдың ішінде толығымен аяқталмақ. Қазір 25 – ашық, 2 – әмбебап спорт және балалар алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Бозарық, Қайнарбұлақ елді мекендерінде демеушілер есебінен спорт алаңшалары пайдалануға берілді.
Аудан аумағында 92 көше көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарымен қамтылды. Есепті мерзімде 10 мыңнан астам ағаш көшеттері, 170 мыңнан астам гүлдер егіліп, күтімге алынды.
Аудан әкімінің барлық бағыттар бойынша есебін талдаған қала басшысы, Ұлттық санақ кезінде ауданда ресми деректерде тіркелмеген азаматтар көптеп анықталғанын айтты. Аудан әкімдіктері өздері бекітілген аумақтар бойынша толық деректер базасын қалыптастыруы керектігін ескертті. Әрбір аумақ, олардың тұрғындары, өзекті мәселелері жөнінде жүйелі деректер ең бірінші кезекте аудан әкімдіктері қалыптастыруы керектігін назарға алып, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.