ШЫМКЕНТ: Көкбұлақ елді мекеніне табиғи газ қосылды

0
1 080

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов “Көкбұлаққа” арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.


ШЫМКЕНТ: Көкбұлақ елді мекеніне табиғи газ қосылды

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының “Абай” ауданына қарасты “Көкбұлақ” елді мекені табиғи газға қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов “Көкбұлаққа” арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

“Бүгін 1 балабақша мен құжаты дайын үйлерге газ қостық. Енді көмір тасып әуреленбей, барлығыңыз дерлік көгілдір отынды кіргізіп алыңыздар”, - деді әкім.

Бұл сөзді құптаған халық жылдамдатып әрекетке көшетіндерін жеткізіп, қыс басталмай газбен қамтылғандарына алғыс білдірді.

Елді мекенді табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жалпы ұзындығы 1 6,1 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бекітілген жоспар мерзімінде іске асып, 100%-ға орындалды.

Қазіргі уақытта магистралды газ құбырына газ беріліп, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды. Құжаттары дайын үйлерге рет-ретімен көгілдір отын кіргізілмек.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда мегаполис тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған.

Жыл соңына дейін, “Тұран”, “Ақтас-1”, “Ақтас-2”, “Нұртас”, “Батыс”, “Сәуле-276” орам, “Ақжар”, “Арғымақ” елді мекендеріне табиғи газ тартылып, көрсеткіш 94,7%-ға жетеді. Осының нәтижесінде 34 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады.

Сонымен қоса, республика күніне орай, Шымкенттің “Абай” ауданына қарасты “Жаңаталап” елді мекеніндегі подстанция іске қосылды. Енді жергілікті 1361 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты.

Берілген уәденің уақытылы орындалғанына дән риза халық әкімге алғысын жаудырды. Жаңаталапқа 42,190 шақырым электр желісі тартылып, 21 трансформатор мен 1312 бағана орнатылған. Тұрғындар электр қуатын бүгінге дейін жекеменшік желіден тұтынып, әр кВТ үшін 27-30 теңге аралығында төлем жасап келген. Енді олар бұрынғыдан қарағанда тиімді бағамен, яғни 17,9 теңгемен төлем жасайтын болады.