ШЫМКЕНТ: колледж студенттері әлеуетті кәсіпорынның жұмыс үдерісімен танысты

0
44

Студенттер цех басшыларының, механиктердің, зертхана қызметкерлерінің және сапаны бақылау мамандарының күнделікті қызметіне дублер ретінде қатысып, өз бетінше қарапайым өндірістік міндеттерді орындады.


ШЫМКЕНТ: колледж студенттері әлеуетті кәсіпорынның жұмыс үдерісімен танысты

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Шымкентте кәсіптік, техникалық мамандықтардың мәртебесін арттыру, жастардың өндірістік салаға деген қызығушылығын арттыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Бүгін «Стандарт Цемент» ЖШС-да жұмысшы мамандықтарының маңызын насихаттау бағытында инновациялық-технологиялық колледждің шәкірттеріне арналған арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Кәсіпорында студенттер зауыттың негізгі бөлімшелерінде тәжірибелі инженерлер мен технологтардың жұмысымен танысып, өндіріс процесін бақылады. Цемент өндірудің заманауи технологиялары мен қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат алды. «Стандарт Цемент» ЖШС - бүгінде Оңтүстік өңіріндегі әлеуетті кәсіпорындардың бірі. Онда жылына 2 млн тонна цемент шығаруға мүмкіндік бар. Мекеменің бас технологы Асылжан Қыдырәлиев орталық басқару жүйесінің жұмысы және ондағы жұмыс процестерін айтып берді.
Студенттер цех басшыларының, механиктердің, зертхана қызметкерлерінің және сапаны бақылау мамандарының күнделікті қызметіне дублер ретінде қатысып, өз бетінше қарапайым өндірістік міндеттерді орындады. Инновациялық-технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Серікбек Есмұрзаев мұндай іс-шаралар жастардың кәсіби бағдарын айқындауда және техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруда үлкен рөл атқаратынын айтады.
«Дублер күніне» колледждің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтарының студенттері мен инженерлік және техникалық бағыттарға қызығушылық танытқан мектеп оқушылары қатысты. Бұл бастама жастарға өндірістік тәжірибемен жақынырақ танысып, қызығушылығын арттыруға және болашақ мамандық таңдауына нақты бағдар алуға мүмкіндік береді.
Бөлісу