ШЫМКЕНТ: қытайлық компания ірі қоқыс өңдеу кешенін салу жобасына инвестиция салмақ

0
48

Бұл кешен елімізде теңдесі жоқ және қоқыстарды жағу арқылы энергия өндіру, түтін газдарын тазарту және шлактардан құрылыс материалдарын өндіру сияқты функцияларды жүзеге асырады.


 ШЫМКЕНТ: қытайлық компания ірі қоқыс өңдеу кешенін салу жобасына инвестиция салмақ

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде шетелдік инвесторлар Шымкент қаласында электр энергиясын өндіруге арналған ірі қоқыс өңдеу кешенін салу жобасын жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Айта кететін жайт, биылғы жылдың жазында Шымкент пен Сиань қалалары арасындағы бауырлас қатынастар аясында Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар барысында сауда-экономикалық форумға қатысып, бірқатар нысандарды, соның ішінде жергілікті қоқыс өңдеу зауытын аралап көрген еді. Сол жерде біраз келісімдерге қол жеткізген болатын. Бұл кездесу де қол жеткізген келісімдер нәтижесі болып отыр.
Жалпы тікелей инвестиция көлемі шамамен 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл кешен елімізде теңдесі жоқ және қоқыстарды жағу арқылы энергия өндіру, түтін газдарын тазарту және шлактардан құрылыс материалдарын өндіру сияқты функцияларды жүзеге асырады. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жыл сайын 365 мың тонна тұрмыстық қалдық қайта өңделеді. Ал электр энергиясының жылдық өндіріс көлемі шамамен 147 миллион кВт/сағатты құрайды. Бұдан бөлек, жоба экологиялық жағдайды жақсартып, қала бюджетіне қосымша түсім әкелуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қала әкімі кәсіпкерлерге қаламызға қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдіріп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан жобалары және инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайлар туралы ақпарат берді.
«Shaanxi Construction Engineering» компаниясы Қытайда мұндай жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибесі бар және қазіргі таңда қалдықтардан электр энергиясын өндіруге мамандануда. Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков әріптестеріне инвесторлардың ұсынысын мұқият қарастырып, жобаны жүзеге асыру үшін «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды.
Бөлісу