Күн тәртібінде қоғамдық келісімді сақтау, медиация саласындағы келісімге келу, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу сынды мәселелер сөз болды.
Бүгін Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің, Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері, «Республикалық медиаторлар қауымдастығы» кәсіби медиаторы Қызылсу тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Күн тәртібінде қоғамдық келісімді сақтау, медиация саласындағы келісімге келу, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу сынды мәселелер сөз болды. Еркін форматта өткен жүздесуде жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Сондай-ақ, қандай да бір дау-жанжалдар орын алған жағдайда медиативті тәсілдер қолдану ұсынылды.
Бүгінгі таңда, Шымкент қаласы аумағындағы 23 тұрғын алапта этнос өкілдері қоныстанған. Осы аумақтағы тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік саясат пен қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру, жағымсыз жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Айта кетейік, жақында Шымкент қаласында «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу және медиация рәсімдерін өткізудің өзекті технологиялары» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренинг этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу, медиацияның мәні мен маңызын, әдісі мен тәсілдерін түсіндіру, кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерге нақты ұсыныстар беру мақсатында ұйымдастырылды.
Екі күнге жоспарланған іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ, мемлекеттік қызметкерлер мен ҚХА-ның қоғамдық медиаторлары қатысты. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу, алдын-алу бағытындағы семинар-тренинг Шымкент қаласынан бастау алды. Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді.