ШЫМКЕНТ: ​МАКУЛАТУРАНЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ КАРТОН ҚАПТАМА ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

0
566


ШЫМКЕНТ: ​МАКУЛАТУРАНЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ КАРТОН ҚАПТАМА ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Биылғы Қала күні шымкенттіктер үшін көңіл көтеретін ән мен күй мерекесі ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын беретін жаңа жобалардың, кәсіпорындардың ашылуымен де есте қалғалы тұр. Бүгін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Shymkent Qagazy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макулатураны қайта өңдеу және картон қаптама өндіру зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Бұл – мегаполистің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба.


Жаңа кәсіпорынның ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Қала күні аясында пайдалануға берілген бұл нысан шымкенттіктерге жасалған ерекше тарту әрі қаланың тұрақты дамуына бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Жоба қолданыстағы кәсіпорынды кеңейту аясында жүзеге асырылып отыр. Жалпы инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, өндірістік желілер іске қосылған. Кәсіпорынға заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, қайталама шикізатты өңдеудің озық әдістері енгізілген.

Зауыттың негізгі мақсаты – Қазақстанның оңтүстік өңірлерін отандық өндірістің сапалы картон қаптама өнімдерімен қамтамасыз ету. Кәсіпорын жылына 10 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, импорттық өнімдердің үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары электронды сауда, азық-түлік өндірісі, логистика және тасымал салаларында картон қаптамаға деген сұраныс айтарлықтай артқан. Осы тұрғыдан алғанда жаңа зауыт өңір кәсіпкерлерін сапалы әрі қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етіп, жергілікті өндірістің дамуына тың серпін береді. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілері үшін қажетті қаптама өнімдерін жақын жерден алу мүмкіндігі өндірістік шығындарды азайтып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етеді.