ШЫМКЕНТ: ​Тиісті өнімдер бекітілген сауда орындары арқылы белгіленген бағада сатылып келеді

0
372

Қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылуда.


ШЫМКЕНТ: ​Тиісті өнімдер бекітілген сауда орындары арқылы белгіленген бағада сатылып келеді

Шымкент қаласында тиісті өнім көлемдері бекітілген сауда орындары арқылы белгіленген бағада сатылып келеді. Бұл туралы бүгінгі брифингте ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Джанбатыров Абунасыр Шарифуллаұлы ақпарат берді.

Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылып, жыл басынан 72 комиссия отырысы өтіп, аптасына 2 реттен көшпелі жиналыстар ұйыдастырылып келеді.
Талдау нәтижесімен 70-ке жуық бұзушылық фактілер анықталып, түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде кемшіліктер толығымен жойылған.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерге электрондық шот-фактуралар арқылы хронометраждық зерттеу жүргізіліп, шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 26 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Апта сайын жергілікті тауар өндірушілерімен шаруа қожалықтарының және көтерме сауда қызметімен айналысатын кәсіпкерлердің қатысуымен қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылуда. Жыл басынан бері 300 жәрмеңке өткізілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №280 бұйрығына 24.05.2023 жылы №201 бұйрықпен бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Қолданыстағы бұйрық негізінде, «Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады».
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындау үшін «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өтінімдер болмаған кезде, қарыз азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі».
Сол себептен, жоғарыда аталған бұйрық талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 29 маусымдағы «Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағиадаларын бекіту туралы» №1485 қаулысы қабылданып, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру механизмі жаңа редакцияда тіркелген қаулы негізінде жұмыс істеуде.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, бюджеттен 8,7 млрд.теңге бөлініп, 200-ге жуық сауда орындарында бірінші қажетті азық-түлік тауарлары нарықтан төмен белгіленген бағада сатылып келеді.
Атап айтқанда, «Магнум» сауда желісінің саны – 31, «Грамад» сауда желісіның саны – 24, ет өнімдерін өндіретін шаруа қожалықтарының нүктесі – 10, ірі базар аумақтарында орналасқан көкөніс өнімдерін сататын жылжымалы сауда нүктесі – 6, халықтың тығыз орналасқан аймақтарындағы үй маңындағы кіші дүкендер – 129.
Басқарма және «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан қарыз алушы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Жалпы қала бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, баға тұрақты бақылауда.